Ерлан Қарин: Мемлекет заңдары діни шектеулерден жоғары тұрады

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстанда бірінші орында діни шектеулер емес, мемлекет заңдары тұратынын атап өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Бұған әлеуметтік желіде тараған той үстінде тілек айтып, әйелдерді кемсітуге және өнер иелеріне қатысты теріс пікір білдірген ер адамның видеосы себеп болған.

Тойда тілекке шығып, ерсі уағыз айтып кеткен ер адамның видеосын желіден көріп қалдым. Шын мәнінде, оның әйелдерді кемсітуі, әншілерге, музыка өнеріне қатысты теріс пікір білдіруі болмысымызға мүлдем жат. Ұлттық таным-түсінікке сәйкес келмейді. Өйткені, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің темірқазығымыз – Конституция. Бірінші орында діни шектеулер емес, еліміздің заңдары тұрады. — деп жазды Ерлан Қарин.

Ол сондай-ақ өнер мен мәдениетті дінге қарсы қою дұрыс емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл — асыра сілтеушілік. Мемлекет таңдаған бағыт — білім мен ғылымды, өнер мен мәдениетті дамыту.

Көпшілік алдында адамдарды бұлайша алалау, өз пікірін қасақана тықпалау әдептілікке жатпайды. Біз өзара құрмет пен мәдениетті биік қоямыз. Еліміздің жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға ерекше мән беріп отырғаны да сондықтан. — деді ол.

Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары ұлттық болмыс пен елдік ұстанымдарға қайшы келетін әрекеттерге қоғам болып тосқауыл қою қажет екенін атап өтті.