Су ресурстары ұлттық ақпараттық жүйесі іске қосылады
Елде су тасқыны мен құрғақшылық жайлы жалпыұлттық ерте ескерту жүйесі әзірленеді. Сондай-ақ су инновациялары орталығы құрылады.
Жұмыстың жүйелі жүргізілуіне Қазақстанның су секторын дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесі бейіл. Кеңес 2 жыл бұрын салалық министрлік және БҰҰ Даму бағдарламасының бастамасымен ашылған еді. Бүгін 3-ші отырысы өтті. Су ресурстары және ирригация министрлігі халықаралық серіктестермен бірқатар келісімге қол қойды. Айта кетейік, осы органның құрамында 40-тан аса ұйым бар. Тараптар 2030 жылға дейін су үнемдеу, су ресурстарын басқаруда жасанды интеллект, ғарыштан бақылау және цифрлық технологияларды енгізу мәселесін талқылайды.
Қайратқали Қайролла, Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығының басқарма төрағасы:
- 1,5 млрд-тан аса доллар инфрақұрылымдық жобаларға бағытталып жатыр. Бұның барлығы ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру. Қажетті суды ауыл шаруашылығына беріп, артығын көл, өзен, теңіздерге бағыттау. Осы 1 айдың ішінде біз су ресурстары ұлттық ақпараттық жүйесін қолданысқа береміз. Сондағы ақпараттарды ЖИ аналитикалық тұрғыда ақпарат беріп отыру керек. Соған бағытталған жұмыс жыл соңына дейін аяқталады.