Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесі құрылады
Қазақстанда Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесі құрылады, деп хабарлайды 24KZ.
Онда саладағы барлық ақпарат бір алаңға топтастырылады. Бұл жайлы Жолдауда Мемлекет басшысы баса айтты. Президент жауаптыларға жобаны жедел іске қосуды тапсырды. Саланы цифрландырып, түйткілдердің түйінін тарқатуды тапсырды.
Елде 85 мың өзен бар. Сөйте тұра қуаңшылық қос бүйірден қысып тұр. Себебі өзен-бұлақтың жетеуі ғана ірі, қалғаны сағасынан көпке созылмайды. Ал өзендердің екеуі ғана өз иелігімізде. Қалғаны көрші елдердің аумағынан бастау алады. Ал оларда да тіршілік көзі тапшы. Түйір тамшыны табандап тұрып сұрап алып отырмыз. Сондықтан су саясаты дегдар дипломатияны қажет етеді. Ожауды өзі ұстап ішпегеннің шөлі қанбайды. Сондай-ақ суды тұтынудың тиімді тәсілі керек. Әңгіме - үнемдеу, ысырапшылдыққа жол бермеу. Мұны Мемлекет басшысы да баса айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Су ресурстарының тапшылығы елде жүйелі әрі батыл шараларды талап ететін өзекті мәселе екенін ерекше атап өткім келеді. Ең алдымен, су ресурстарын ұтымды әрі үнемді пайдалану қағидаттарын барлық жерде кеңінен енгізу қажет. Үкімет пен әкімдіктер су тұтынуға бақылауды күшейтіп, су құбырлары желілеріндегі шығындарды азайтуға және ауыз суды мақсатсыз пайдалануға жол бермеуі тиіс.
Гидронысандардың да дені тозып тұр. Арналардың көбі кеңес кезеңінде қазылған. Содан болса керек, елдегі су қорының 50 пайызға жуығы жыл сайын желге ұшып, жерге сіңіп кетеді. Қазақ басшысы су шығындарын 25 пайызға азайтып, нысандарды жаңартуды тапсырды. Сондай-ақ ісін ілгерлетуді міндеттеді.
Қайратғали Хайрулла , ҚР СРИМ Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығының басқарма төрағасы:
- Бұл жерде негізі біздегі гидротехникалық құрылыс жайлардың толықтай техникалық құжаты болады. Екіншіден, су қоймаларындағы көлемі жинақталған және оның соңғы 5, 10 жылдықта қаншалықты динамикада өзгеріп отырғаны. Бізде шекаралас мемлекеттерден келіп жатқан су көздерінің көлемі. Ол суды қайда пайдаланып жатырмыз, қай өзен бойынша қанша су келді, оны қай жерлерге пайдаландық және жерасты сулары, жер асты суларының негізгі 70 пайызы оңтүстік өңірлер, оны қай жерге пайдаланып жатырмыз.
Жоба жыл соңына дейін толыққанды іске қосылады. Бұл саладағы статистика мен нақты нәтижені һәм су қоймаларының жай-күйін бір алаңға тоғыстыратынн бірегей жоба болмақ.
Шернияз Жалғасбекұлы, Нұрғали Мамырбаев