Қарағанды облысындағы қос апат үш адамның өмірін қиды
Қарағанды облысында маргарин зауыты мен құс фабрикасында болған екі топтық өндірістік жазатайым оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Әрбір дерек бойынша арнайы комиссия құрылып, қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды 24KZ.
Қарағанды облысының Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, маргарин зауыты аумағында жұмыс кезінде теміржол құрамы қозғалып, автокөлікке орнатылған контейнерге соғылған. Соққы салдарынан көлік орнынан жылжып, контейнер жанында тұрған екі жұмысшыны контейнерлер арасына қысып қалған. Екі қызметкер де алған жарақаттарынан көз жұмды.
Аталған жазатайым оқиға бойынша мән-жайлар мен себептерді анықтау үшін арнайы комиссия құрылды, — деп хабарлады ведомство.
Екінші өндірістік апат құс фабрикасында болған. Еңбек инспекциясының мәліметінше, биогаз қондырғысының компрессорлық бөлмесінде жиналған газ тұтанып, өрт шыққан. Салдарынан үш қызметкер түрлі дәрежедегі термиялық күйік алған.
Зардап шеккендердің бірі кейін ауруханада қайтыс болды. Қалған екі қызметкер медициналық көмек алып жатыр.
Оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтау үшін бұл дерек бойынша да арнайы комиссия құрылды, — деп атап өтті Еңбек инспекциясы.
Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, екі оқиға бойынша да сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
Маргарин зауытындағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 344-бабы 3-бөлігімен, ал құс фабрикасындағы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 156-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалған.
Полиция департаменті оқиғалардың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын хабарлады.