Шымкентте кенеге қарсы жұмыстар басталды
Биыл Шымкентте 733 адамды кене шаққан. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қала аумағында кезекті залалсыздандыру жұмыстарын қолға алды.
Жалпы өңірде сегіз шағын ауданда конго-қырым қанды қызбасының қаупі жоғары боп тұр.
Қала іргесіндегі «Тассай» шағын ауданы - конго-қырым қызбасы ауруына қолайсыз аймақтардың бірі. Сондықтан жеке тұрғын үй секторының айналасына дәрілік препараттар себіліп, санитарлық қорғаныш аймағы құрылып жатыр. Биыл қалада осындай 8 аумақта дизинфекция жүргізіледі.
Инфекциялық аурудың таралмауы үшін оның алдын алудың маңызы зор. Биыл былтырға қарағанда кене шаққандар саны 20%-ға артқан. Дегенмен қансорғыштардан ауру жұқтырып, сырқаттанғандар жоқ. Індет ошақтары да 11-ден 8-ге азайды.
Динара Қалқабаева, Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің жетекші маманы:
- Ошақ бар. Сондықтан санын азайтады. Санитарлық-қорғаныс аймағында залалсыздандыру жұмыстары жүргізілсе, сондағы малдар басқа жерге барған кезде таза болады. Кенелер де жоғалады.
Өңірде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының екінші кезеңі басталды. Мамандар 74 мыңнан астам ірі қараны арнайы сұйықтықпен өңдеп, 77 мың уақ малды қорғау шараларынан өткізбек. Сонымен бірге шағын аудандар мен қоражайлардың және оған жапсарлас салынған сарай аумағына химиялық улау жұмыстары жасалады.
Ерлан Әденов, Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
- Залалсыздандыру жұмыстарына құрғақ және сұйық препараттар қолданылуда. Бұл препараттар арнайы лабораториядан өткізілген. Сертификаттары бар. Адамның өміріне ешқандай зияны жоқ. Жалпы бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 35 млн қаржы қарастырылған. Осы қыркүйек айының басына дейін жүргізілетін болады.
Жалпы қала бойынша 4 млн-нан астам шаршы метр аумаққа дезинфекция жүргізіледі. Оның ішінде саябақтар мен гүлзарларға арнайы химиялық препараттар себіледі. Бұл жұмыстарға 18 маман мен 6 арнайы техника жұмылдырылып отыр.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов