Қызылорда облысында мал қорымдары салынады

Қазақстанда ветеринария саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Жоспарды жүзеге асыруға 145 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылған.

Ауқымды жұмыс Сыр өңірінде де басталып кетті. Аймақта санитариялық талаптарға сай жаңа нысандар бой көтеріп, тозығы жеткен мал қорымдары толығымен жаңартылмақ. Басты мақсат - қауіпті инфекцияның таралуына жол бермеу.

Жаңақорған ауданында биыл 18 мал қорымы салынады. Бұл нысандар құрылысы бұрынғыдай қарапайым шұңқыр емес, заманауи ветеринариялық талапқа сай жүргізіліп жатыр. Қабырғалары бетонмен нығайтылған нысандар, аса қауіпті инфекцияның таралуына жол бермейді, – дейді мамандар.

Жомарт Нұрқожаев, Жаңақорған аудандық ветеринариялық станциясы басшысының орынбасары:  

- Топырақтың бүлінбеуіне, жер асты суларының бұзылмауына пайдасын тигізеді. Сонымен қатар ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздіктің тұрақты болуын қамтамасыз етеді.

Жалпы өңірдің ветеринария саласын жаңғыртуға бюджеттен 3,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражатқа облыс бойынша барлығы 70 жаңа мал қорымын салу жоспарланған.

Шахмардан Қойшыбаев, Облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

- Жалпы өңірде 145 мал қорымдары бар, оның 89-ы типтік жобадағы, 56-сы қарапайым шұңқырлар. Негізгі мақсат - мал өлекселеріне толған типтік жобадағы және қарапайым шұңқырларды жаңалау болып табылады.

Бүгінде аймақтағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Дегенмен алдын алу шаралары тоқтамайды. Мамандардың сөзінше, мұндай заманауи нысандар кез келген дерттің ошағын дер кезінде оқшаулауға мүмкіндік береді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин