Сарыөзекке тақтайдай жол түседі
Жыл соңына дейін Жетісу облысындағы жақсы жолдардың көрсеткіші 96 пайызға жетеді. Қазір өңірде бірнеше бағыт бойынша жол құрылысы жүріп жатыр. Соның ішіндегі ең ауқымдысы «Алматы-Өскемен» автомагистралін жаңғырту жобасы. Жоспар бойынша келесі жылы Талдықорғаннан Алматы облысының шекарасына дейінгі аралық толықтай жөнделіп бітуі керек. Ал биыл Сарыөзек кентінің айналма жолы жасалып, көлік қозғалысы қалпына келеді.
Сарыөзектегі айналма жолдың ұзындығы небәрі 7 шақырым. Бірақ бұл бағыт «Сарыөзек-Көктал» және «Алматы-Өскемен» автомагистарлін байланыстырады. Ұзақ жылдар бойы жөнделмеген жол құрылысы көктемде басталып, қазір аяқталуға жақын.
Әлібек Берікұлы, жоба жетекшісі:
- Бұл күрделі жоба. Себебі 88 метрлік үлкен көпір бар. 18 су құбыры бар. Мал қоршауы бар. Коммуникцияның өткелдері бар. Қазіргі таңда бұл жобада жұмыстар 99 пайызға аяқталып тұр. Нысанды тапсыруды жаз маусымының аяғына жоспарлап отырмыз.
Сонымен қатар «Алматы-Өскемен» автомагистралінің Талдықорғаннан Алматы облысының аумағына дейінгі аралығы жаңартылып жатыр. Республикалық маңыздағы күре жолмен тәулігіне 10 мыңға жуық көлік қатынайды.
Жасұлан Ырысалиев, жүргізуші:
-Түркістан облысы Шардара қаласынан келе жатырмыз. Жол жақсы. Арасында жөндеу жұмыстары болып жатыр екен.
Тұрсын Тоқтаухан, жүргізуші:
- Белгілері бар. Енді жол жөнделу барысында ғой. Алда көрсетеді. Сапасы қалай болады. Халықтың көңілінен шығу керек қой.
Жоспарға сәйкес Мұқыры асуындағы жол бөлігі толығымен ауыстырылса, қалған бөлігі орташа жөндеуден өткізіледі. Жұмыс келесі жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.
Ринат Мұхтарұлы, "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Жетісу облыстық филиалы директорының орынбасары:
- 300 ден астам техника 500-ге жуық жұмысшы маман жұмылдырылып жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Аталған жұмыстар аясында қауіпсіздікке қазіргі уақытта баса назар аударылған. Оны айта кететін болсақ, участоктарда барлық жол таңбалары мен жол белгілері сызылып, қозғалыс уақытша реверсивті схемамен жүргізілген.
Қазір аталған жолдың бірнеше бөлігінде асфальт төсеу ісі қарқын алған. Жабындының құрамын анықтау мақсатында облыстағы жол сапасын қадағалауға жауапты орталық қызметкерлері сынама алып жатыр.
Алмас Оразбеков, "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК облыстық филиалының инженері:
«Алматы Өскемен» тас жолының 169-191 шақырымы аралығындағы орташа жөндеу жұмыстарына тексеру жүргізіліп жатыр. Жол жабындысынан керн алынады. Жергілікті жердің қалыңдығы өлшенеді. Алынған сынаманы зертханаға жеткізетін боламыз. Зертханада оның тығыздығы, қанықтығы тағы басқа көрсеткіштер бойынша сапасы тексереді.
Аймақтағы «Талдықорған-Үштөбе» жолы да жөнделіп жатыр. Бүтін бір ауданды облыс орталығымен байланыстыратын жол құрылысы күзде аяқталады. «Сол кезде өңірдегі жақсы деңгейдегі жолдардың көрсеткіші 96 пайызға жетеді»,- дейді саладағылар.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдрешов