Елімізде онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған жаңа технологиялар енгізіліп жатыр

Мәселен, Өскемендегі төмен дозалы компьютерлік томографияның арқасында өкпе обырын бастапқы сатысында анықтауға мүмкіндік бар. Ал Абай облысында позитронды-эмиссиялық және компьютерлік томографияның көмегімен қатерлі дерт ерте анықталады. Жалпы Абай облысында жыл сайын өкпе обырына шалдыққан 200 адам тіркеледі. Ауруды ерте анықтаудың маңызы қандай? 

Өкпе обыры – әлемде ең көп таралған онкологиялық аурудың бірі. Жыл сайын шамамен 2 жарым миллион адамның дертке шалдыққаны анықталады. Ал Қазақстанда жылына 4 мың адамнан қатерлі ісік табылады. Әдетте аурудың алғашқы кезеңінде ешқандай белгі байқалмайды. "Сол себепті көп адам ауруын асқындырып алады",- дейді мамандар. Қазір дәрігерлер, асқынған ауруды емдеуге ғана емес, оны ерте анықтауға да баса мән беріп отыр. 

Баян Бекетова, облыстық Ядролық медицина және онкология орталығы директорының орынбасары:

- Өкінішке қарай, бүгінде науқастардың жартысынан көбінде ауру асқынған уақытта анықталады. Себебі бастапқы кезеңде ешқандай клиникалық белгі болмайды. Кейде өкпені рентгенге түсіру кезінде ісік кездейсоқ анықталып жатады. Ем қажет екенін айтқанда, науқас: «мені ештеңе мазаламайды»,- дейді. Шынында, осы кезде ісікті толық емдеп, науқасты сауықтыруға мүмкіндік бар.

Қазір елімізде қатерлі ісікті ерте анықтаудың заманауи тәсілдері енгізіліп жатыр. Соның бірі – төмен дозалы компьютерлік томография. Пилоттық жоба әзірге Өскемен қаласында жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта мұндай зерттеу еліміздің барлық өңірінде қолжетімді болмақ. Ал Абай облысында ауруды ерте анықтауға позитронды-эмиссиялық томография мен компьютерлік томография көмектесіп келеді. Осындай тексеру барысында семейлік тұрғыннан ісік кездейсоқ анықталған.

Николай Дидикин, қала тұрғыны:

- Ешқандай жайсыздық сезген жоқпын. Томографияға түскеннен кейін өкпеде аздаған өзгерістер бар екені анықталды. Дәрігерлер дереу ем қабылдау керегін айтты. Қазір төртінші химиотерапия курсынан өтіп жатырмын. Өзімді жақсы сезінемін.

Семейдегі онкологиялық орталықта жыл сайын 9 мың науқас ем алады. Оның 1500-ге жуығы өкпе обырына шалдыққан. Қазір оларды хирургиялық операциядан бастап, дәрі-дәрмекпен және сәулелік терапияпен емдеуге мүмкіндік бар. Аурудың сатысы мен ісіктің күрделілігіне қарай ем түрі де таңдалады. Көп жағдайда хирургиялық операция жасалады.

Аманжол Қанапиянов, жоғары санатты хирург:

- Операция кезінде өкпенің қатерлі ісікке күмән туған жайдайда бізге бұл ісіктің қатерлі немесе қатерсіз екенін анықтап, дәлелдеуіміз керек. Операция үстінде, біріншіден, торакоскопиялық атипиялық резекция жасалады. Жаңағы ісік алынады. Ота үстінде лабораторияға жібереміз. Жарты сағат мөлшерінде ісіктің түрін бізге айтып береді. Егер қатерлік ісік болса, онда бұл операция әрі қарай жалғасады.

15 тамыз күні әр тұрғын денсаулығын тегін тексерте алады. Осы күні еліміздегі онкологиялық орталықтарда өкпе обырын ерте анықтауға арналған ашық есік күні өтеді. Мамандар кеңес беріп, қажет болған жағдайда қосымша тексеруге жолдайды. «Әсіресе жасы елуден асқан, сондай-ақ 15 жылдан аса шылым шегетін адамдар мен өндіріс орындарының қызметкерлеріне ерекше назар аударылады»,- дейді мамандар.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Ботагөз Дандыбаева, Мәди Баразбеков