Қарағанды облысында мүгедек жандардың сайлауда дауыс беруіне барлық жағдай жасалды
Қарағанды облысындағы барлық сайлау учаскелері ерекше қажеттілігі бар азаматтардың дауыс беруіне толықтай бейімделген.
Учаскелер қажетті арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, сайлаушыларға қолайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар, сайлау процесін сапалы ұйымдастыру мақсатында сайлау комиссиясы мүшелерінің біліктілігін арттыруға бағытталған қосымша оқыту жұмыстары жүргізілуде. Модульдік оқу орталығы Қарағанды қаласындағы №16 сайлау учаскесінде жұмыс істейді. Орталықтың қызметімен өңірге жұмыс сапарымен барған Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров танысты.
Нияз Сүндеталиев №16 сайлау учаскесіне инватаксимен келді. Ғимарат алдындағы арнайы көтеру механизмі оған ішке кедергісіз кіруге көмектесті. Тексеріс кезінде жұртшылыққа қолжетімді ортаның қалай ұйымдастырылғаны көрсетілді. Мұнда мүгедектер арбасымен келген жандардың дауыс беруіне ыңғайлы арнайы кабина, ғимарат ішіндегі қозғалыстың бағытын көрсететін навигация және дыбыстық ақпарат тарататын құралдар бар.
Нияз Сүндеталиев, Qamqor Plus мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
- Дауыс беру учаскелерінде барлық санаттағы сайлаушыларға бірдей ыңғайлы жағдай жасалған. Арбаға таңылған азаматтардың атынан барлығын көзбен көріп, танысып шықтым. Қызметкерлер ерекше қажеттілігі бар адамдармен қалай дұрыс қарым-қатынас жасау керегін толық меңгерген.
Сайлау учаскесінің алдағы саяси науқанға дайындығымен орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров танысты. Бұл сайлау учаскесі қазір оқу орталығы қызметін қатар атқарып отыр. Қаладағы басқа да дауыс беру учаскелерінің өкілдері осында келіп мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді орта құру жолдарын үйренеді. Кіреберісте келушілерге жол табуға көмектесетін дыбыстық ақпарат беретін құрал орнатылған.
Салтанат Макаева, №16 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:
- Есіктің астында мнемосхема бар. Мнемосхемада өте жақсы көрсетілген. Қай жерден кіру керек, шығу керек. Қай жерде демалыс орыны бар, қай жерде әжетхана бар, қай жерде сайлау залы бар екені барлығы көрсетілген. Түрлі-түсті датчиктер бар. Сосын ауызша сөйлеп тұратын датчиктеріміз бар. Ол жаңағы көзі толық көрмейтін сайлаушыларға арналған және де естімейтін.
Есту қабілеті нашар сайлаушылар үшін учаскеде индукциялық жүйе, яғни дыбыс күшейту қондырғысы орнатылған. Есту аппаратымен жұптасып жұмыс істейтін жүйе мүгедектігі бар жандарға комиссия мүшелерімен қарым-қатынасты ыңғайлы етуге мүмкіндік береді.
Татьяна Спиридонова, №16 учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі:
- Сайлаушы тек комиссия мүшесінің дауысын ғана естиді. Айналадағы өзге дабыстар оған кедергі келтірмейді. Бұл жүйе бізге биыл орнатылды. Комиссия мүшелері оны қолдану бойынша арнайы оқудан өттік. Қазір біз осы аппаратпен жұмыс істеу принципін басқа сайлау учаскелерінің қызметкерлеріне үйретіп жатырмыз.
Қарағанды облысында ерекше қажеттілігі бар 6245 сайлаушы тіркелген. Олар үшін өңірдің барлық учаскелерінде дауыс беруге қажетті барлық жағдай жасалған.
Елдос Кәкенов, Лиана Жамлиханова, Сайран Акамбаев, Аман Хамит