Жоғары сынып оқушылары үшін мемлекеттік емтихан күндері жарияланды

Оқу-ағарту министрлігі 2026–2027 оқу жылында 9 және 11-сынып түлектері тапсыратын қорытынды аттестаттау мерзімдерін бекітті, деп хабарлайды 24kz.

 Тиісті бұйрық министрлік тарапынан қабылданды.

Бұйрыққа сәйкес, 9-сынып оқушылары үшін қорытынды емтихандар 2027 жылғы 31 мамыр мен 11 маусым аралығында өтеді. Аттестаттау алғашқы күні математика пәнінен жазбаша емтиханмен басталады. Одан кейін оқушылар таңдау пәні, оқыту тілі, сондай-ақ қазақ тілі немесе орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен сынақ тапсырады.

Ал 11-сынып түлектері мемлекеттік емтихандарды 2027 жылғы 1–17 маусым аралығында тапсырады. Қорытынды аттестаттау Қазақстан тарихы пәнінен ауызша емтиханнан басталады. Кейін түлектер алгебра және анализ бастамалары бойынша жазбаша жұмыс орындайды, оқыту тілі, таңдау пәні және қазақ тілі немесе орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен емтихан тапсырады.

Белгіленген кестеге сәйкес, 9-сынып оқушылары үшін соңғы емтихан 11 маусымда, ал 11-сынып түлектері үшін 17 маусымда өтеді.

Сонымен қатар, 2026–2027 оқу жылының ұзақтығы бекітілді. Жаңа оқу жылы 2026 жылғы 1 қыркүйекте басталып, 2027 жылғы 25 мамырда аяқталады.