Биыл мыңнан астам тұрғынды кене шақты
Бұл бір ғана Қызылорда облысындағы жағдай. Кене шаққандардың 11-інен «Конго-Қырым геморрагиялық безгегі» анықталған. Енді қауіптің алдын алу үшін аймақта залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жергілікті бюджеттен 250 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді.
Жаңақорған аудандық ауруханасындағы мына бокстарға кене шағып, өміріне қауіп төнген науқастар түседі. Мұнда бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынған, ал дәрігерлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Көршілес Шиелі ауданында да кене шағып ауруханаға жүгінгендер саны көбейген.
Манзура Сүйіндікова, Шиелі аудандық санэпидбақылау бөлімінің басшысы:
-Қазіргі таңда кененің 223 жағдайы тіркеліп тұр. Былтырғы жылмен салыстырғанда былтыр 120 жағдай тіркелсе, биыл 223 бірде-бір жағдайға өсіп, кененің шағуы артып тұр. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан өлім жағдайы болған жоқ. Былтыр да, 2025-ші жылы да өлім жағдайы болған жоқ.
Гүлнар Бижанова, облыстық Санэпидбақылау басқармасының бас маманы:
- Қызылорда облысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан. Бүгінгі күнде эпидемиологиялық маусымнан бастап бізде облыс көлемінде кене шағу жағдайлары фактілерімен 1403 адам медициналық көмекке жүгінді. Бұлардың барлығы 14 күн медициналық бақылауда болып, тиісті көмектерін алды. Жалпы жыл басынан бері Конго-Қырым геморрагиялық қызбасында күдікті науқас ретінде 26 науқас тіркеліп, оның ішінде 11-інің диагнозы клиникалық, зертханалық түрде расталды.
Қазір аймақта дезинсекцияның күзгі кезеңі жүріп жатыр. Залалсыздандыру шаралары екі кезеңнен тұрады. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 250 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді.
Айбек Жылқыбай, облыстық Жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының м. а.:
- 2026-шы жылдың 20-шы шілдесінен басталды. Қазіргі уақытта Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш және Сырдария аудандарында жүргізілуде. 74 елді мекенде осы қыркүйек айының 10-15-іне дейін барлығын залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп бітіреді.
«Кешенді дезинсекция жұмыстары жалғасып жатқанымен, бұл дерттен қорғанудың ең сенімді жолы – сақтық шараларын ұмытпау және дәрігерге дер кезінде жүгіну», - дейді мамандар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Нұржан Мұзарапшин