Қызылорда облысында 63 нысанның құрылысы жүріп жатыр
Қызылорда облысында биыл құрылыс көлемі 30 пайызға дейін артты.
Қазір өңірде 63 нысанның құрылыс жүріп жатыр. Оның бір бөлігі жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Әлеуметтік маңызды нысандар өңірдегі бірқатар мәселені шешеді, дейді мамандар.
Облыс орталығында 300 орындық көп салалы аурухана құрылысы аяқталуға жақын. Нысанда онкологиялық бөлімше мен күніне 100 адам қабылдайтын емхана болады. Сонымен қатар Титов қыстағында күніне 400 адамға арналған жаңа емхана салынуда. Ғимарат заманауи құралдармен жабдықталады.
Бауыржан Қуанышбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Ескі емхана 1966 жылғы ескі ғимаратқа орналасқан, тек бейімделген. 1400 ғана шаршы метрді құрайды. Ал жаңа емханада бізде 8800 шаршы метрді құрайды. Бұл емхана компьютерлік томография, маммография, маммограф аппараты, флюорограф аппараты, эксперт кластағы ультрадыбыстық зерттеу аппараттары, холтер, ЭКГ аппараттарымен қамтамасыз етілетін болады.
Қаладағы ірі нысандардың тағы бірі «Қызылорда Арена» спорт кешені. Оның аумағы 25 мың шаршы метрден асады. Көп функционалды бұл ғимарат Олимпиада стандартына сай салынуда.
Жігер Айекешов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұл «Қызылорда Арена» спорт кешенінің өзінің ерекшеліктері бар, яғни 50 метрлік бассейн, сонымен қатар 10 жолағы болады, сонымен қатар 500-ге жуық орнымен. Тағы да айта кететін жайт, бұл жерде сонымен қатар халықаралық стандарттарға сай футзал алаңы, бұл жерде гандбол болсын, волейбол болсын, баскетбол болсын халықаралық дәрежедегі спорт жарыстарын өткізуге мүмкіндік береді.
Соңғы төрт жылда өңірде 27 спорт кешені пайдалануға берілді. Олардың басым бөлігі ауылдарда салынды. Мәдени ошақтар да аз емес. Қазір Қызылордада 500 орынды драма театры бой көтеріп жатыр. Сонымен қатар 600 мың кітап қоры бар тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана салынуда.
Айдын Әнуар, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
- Жалпы құрылыс саласы осы 9 айдың қорытындысымен 2025 жылымен салыстырғанда 131% артып отыр, өз кезегінде 289 миллиард теңгені қазір құрап отыр. Сосын бізде тұрғын үй өткен жылмен салыстырғанда шаршы метрлер биыл 101,1% артып отыр, 9 айдың қорытындысына сәйкес.
Биыл өңірде 63 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның басым бөлігі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Авторлары Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев