Жасанды интеллект мектеп бағдарламасына енді

Фото: depositphotos.com

Қазақстан мектептерінде жасанды интеллектіні оқыту күшейтіледі. Жаңартылған оқу бағдарламаларына жасанды интеллект бойынша жаңа бөлімдер енгізіліп, 43 жаңа оқу мақсаты қосылды, деп хабарлайды 24kz.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, өзгерістер технологиялардың қарқынды дамуы, еңбек нарығының жаңа талаптары және жасанды интеллектінің қоғам өміріне кеңінен енуіне байланысты жүзеге асырылып отыр.

Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Республикалық педагогтердің тамыз конференциясында берген тапсырмасына сәйкес қолға алынып, 2025 жылғы қыркүйектен бастап кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.

Жүргізілген жұмыстың құқықтық негізі де нығайтылды. Атап айтқанда, 2025 жылғы қарашада «Жасанды интеллект туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, ал 2026 жылғы мамырда орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Президент Жарлығы қабылданды.

Осы құжаттарды іске асыру аясында мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу жоспарлары және үлгілік оқу бағдарламалары жаңартылды. Нәтижесінде:

  • 1–4-сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект» болып өзгертілді;
  • 5–11-сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» атауына ие болды.

Бұл өзгерістер тек пән атауларына ғана қатысты емес. Жасанды интеллект цифрлық технологиялар мен информатиканың ажырамас бөлігі ретінде оқу мазмұнына енгізіліп, бағдарламаларға ЖИ бойынша жаңа бөлімдер мен 43 оқу мақсаты қосылды.

Бастауыш сыныптар (1–4)

«Медиасауаттылық және ЖИ» бөлімі аясындағы 17 оқу мақсаты бойынша оқушылар жасанды интеллектімен күнделікті өмірдегі қарапайым мысалдар арқылы танысады. Сонымен қатар цифрлық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау және цифрлық ортадағы жауапты мінез-құлық негіздерін меңгереді.

Негізгі орта білім (5–9)

«Компьютерлік ойлау және бағдарламалау», «Денсаулық, қауіпсіздік және ЖИ» бөлімдеріндегі 14 оқу мақсаты оқушылардың жасанды интеллект құралдарын оқу процесінде тиімді пайдалануына бағытталған. Олар сауатты сұраныстар (промпттар) құрастыруды, алынған нәтижелерді сыни тұрғыдан бағалауды, киберқауіпсіздік талаптары мен академиялық адалдық қағидаттарын сақтауды үйренеді.

Жоғары сыныптар (10–11)

«Деректерді басқару және жасанды интеллект» бөлімі аясындағы 12 оқу мақсаты оқушылардың жасанды интеллектінің жұмыс істеу қағидаттарын түсінуіне және оны практикада қолдануына мүмкіндік береді. Бағдарламаға машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздері енгізілген.

Жаңартылған оқу бағдарламалары өткен оқу жылында апробациядан сәтті өтіп, оң сараптамалық қорытынды алды. Қазіргі уақытта олар белгіленген тәртіппен бекітілу сатысында.

Сонымен қатар педагогтер үшін білім беру процесінде жасанды интеллектіні тиімді әрі қауіпсіз қолдануға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленуде.