Бір сіріңке 1,6 млн теңге шығын әкелді: Астанада Audi өртіне қатысты сот шешімі шықты
Астанада автотұрақта болған өртке қатысты сот екі көлік иесінің де кінәсі бар деген қорытындыға келді. Нәтижесінде жауапкерден талап қоюшының пайдасына 1,6 миллион теңгеден астам материалдық шығын мен сот шығындары өндірілді, деп хабарлайды 24KZ.
Оқиға 2025 жылдың мамыр айында елордадағы автотұрақтардың бірінде болған. Сот материалдарына сәйкес, жауапкер өз көлігінде отырып темекі тұтатып, толық сөндірілмеген сіріңкені ашық терезеден сыртқа лақтырған. Сол сәтте жанында тұрған газбаллонды жүйемен жабдықталған Audi A6 көлігі өртенген.
Талап арыз көлік иесінің тұрғылықты жері бойынша берілгендіктен, істі Тараз қалалық соты қарады.
Тәуелсіз сараптамаға сәйкес, келтірілген материалдық шығын көлемі 2,9 миллион теңгеден асқан. Бейнебақылау камераларындағы жазбалар мен сараптама қорытындысы өрттің көліктен тараған газ-ауа қоспасының тұтануынан шыққанын көрсетті. Ал тұтануға себеп болған – жауапкер лақтырған толық сөндірілмеген сіріңке.
Жауапкерге қатысты қылмыстық іс қасақана әрекет болмағандықтан тоқтатылса, әкімшілік іс жүргізу талап қою мерзімінің өтуіне байланысты қысқартылған. Дегенмен бұл оны азаматтық-құқықтық жауапкершіліктен босатпады.
Сонымен қатар сот өртенген көліктің иесі де өрескел абайсыздыққа жол бергенін атап өтті. Көлік газбаллонды жүйемен жабдықталғанына қарамастан, ұзақ уақытқа тұраққа қояр алдында өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмаған. Соның салдарынан газдың сыртқа шығуына жол берілген.
Соттың пайымдауынша, өрт екі себептің – жауапкердің абайсыз әрекеті мен талап қоюшының көлікті пайдалану талаптарын бұзуының салдарынан болған.
Тараптардың кінә дәрежесін ескерген сот талап арызды ішінара қанағаттандырып, жауапкерден талап қоюшының пайдасына 1,6 миллион теңгеден астам материалдық шығын мен сот шығындарын өндіріп беру туралы шешім шығарды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.