Шалғайдағы шақалаққа шұғыл көмек: ТЖМ авиациясы нәрестені аман-есен жеткізді
ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» қызметкерлері Қобда ауданынан Ақтөбе қаласына санитариялық авиация рейсін орындап, шұғыл медициналық көмекке мұқтаж жаңа туған сәбиді облыс орталығындағы мамандандырылған медициналық мекемеге аман-есен жеткізді, деп хабарлайды «24KZ».
Ауыр жағдайдағы немесе шұғыл ота мен дәрігерлік көмекті қажет ететін шалғай аудандардағы науқастарға көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылған бұл рейсте қауіпсіздік пен жеделдік басты назарға алынды.
Әуе жолымен тасымалдау барысында кішкентай науқастың жағдайын тәжірибелі санитариялық авиация дәрігерлері бір сәтке де назардан тыс қалдырмай, тұрақты бақылауда ұстады және жол бойы қажетті реанимациялық әрі медициналық көмек көрсетті. Арнайы жабдықталған тікұшақпен жасалған ұшу сәтті аяқталып, сәби қазір дәрігерлердің бақылауында.
Төтенше жағдайлар министрлігі мен денсаулық сақтау саласының мамандары атқарып жатқан мұндай санитариялық авиация рейстері әсіресе қашық орналасқан ауылдар мен шалғай елді мекендердің тұрғындары үшін өмірлік маңызға ие. Уақытылы жасалған әуе рейсі талай адамның, әсіресе сәбилердің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.