Қазақстанның Ұлттық тауарлар каталогында киім-кешек пен көлік құралдары көш бастап тұр
Қазақстанның Ұлттық тауарлар каталогында (ҰТК) 2026 жылғы тамыздағы жағдай бойынша 29 миллионнан астам тауар позициясы тіркелген. Ең үлкен үлесті киім-кешек пен күнделікті тұтыну тауарлары құрайды, деп хабарлайды 24kz.
ҰТК деректеріне сәйкес, киім және күнделікті қолданылатын тауарлар санаты айқын басымдықпен бірінші орында тұр. Каталогта бұл бағыт бойынша 8 миллионнан астам тауар карточкасы тіркелген.
Екінші орында көлік құралдары мен көлік жабдықтары орналасқан. Бұл санатта 2 миллионнан астам тауар позициясы бар. Одан кейін инженерлік жүйелерге арналған жабдықтар мен материалдар келеді. Мұнда 1 миллионнан астам тауар карточкасы жинақталған.
Ең көп ұсынылған он санаттың қатарына құрылыс бұйымдары, жиһаз және интерьер заттары, азық-түлік пен сусындар, құрылыс материалдары, зергерлік бұйымдар, машиналар мен жабдықтар, сондай-ақ баспа өнімдері енді.
Мұндай көрсеткіштер Қазақстандағы тұтыну тауарлары нарығының құрылымын көрсетеді. Сонымен қатар Ұлттық тауарлар каталогына жаппай сұранысқа ие өнімдерді өндірушілер мен импорттаушылар арасында сұраныстың жоғары екенін аңғартады. Бұл әсіресе тауар айналымы қарқынды және өнімдердің қозғалысын бақылау маңызды салаларға қатысты.
Ұлттық тауарлар каталогы – Қазақстанда өндірілетін және импортталатын барлық тауарлар туралы мәліметтер қамтылған орталықтандырылған мемлекеттік деректер базасы.
ҰТК-ны тауарлардың бірыңғай мемлекеттік анықтамалығы ретінде міндетті түрде қолдану талабы 2025 жылғы 18 шілдедегі №215-VIII Қазақстан Республикасы Заңымен бекітілген.
Каталогтағы әрбір тауарға 13 таңбалы бірегей NTIN сәйкестендіру коды беріледі. Ол өнімнің бүкіл өмірлік циклі барысында – өндіріс, импорт, сақтау, сату, электрондық шот-фактураларды рәсімдеу және бақылау-касса машиналарының жұмысы кезінде пайдаланылады.
Код тегін беріледі және оның қолданылу мерзімі шектелмеген.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап ҰТК талаптарын енгізудің өтпелі кезеңі аяқталды. Бұл кезең нарықтағы соңғы санат – шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін, соның ішінде үй маңындағы дүкендерді де қамтыды.
Қазіргі уақытта Ұлттық тауарлар каталогын ірі өндірушілер мен импорттаушылардан бастап шағын сауда орындарына дейінгі барлық сауда қызметіне қатысушылар қолдануға міндетті.