Марқұм Нұрай Серікбайға қатысты ауыр пікір жазған азамат ұсталды
Әлеуметтік желіде марқұм Нұрай Серікбайға қатысты ауыр сипаттағы пікір қалдырған азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды 24KZ.
«72 рет пышақ сұғар едім» деген пікір қалдырған аккаунттың иесі анықталып, полиция бөліміне жеткізілді.
Осы дерек бойынша полиция қызметкерлері қала тұрғыны, 37 жастағы ер адамды анықтады. Ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-1-бөлігі бойынша — заңға қайшы контентті орналастырып, таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – делінген хабарламада.
Бұл бап бойынша 20 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Биылғы жылы оның мөлшері 86 500 теңгені құрайды.
Сондай-ақ ер адаммен мұндай құқық бұзушылықтарға жол бермеу және заң талаптарын сақтау қажеттігі туралы профилактикалық түсіндіру жұмысы жүргізілді.
Бұған дейін TikTok желісінде Нұрай Серікбайдың өлімі туралы видеоның астына: «Мен 72 рет пышақ сұғар едім» деген пікір жазылған болатын. Бұл сөздер қайтыс болған қызға бағытталған деп қабылданды. Нұрай Серікбайға 36 рет пышақ жарақаты салынған еді.
Пікір авторының кешірім сұраған видеосын Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай және отбасының өкілі, адвокат Аянхан Омаров жариялады. Ер адам өз сөздерінің қате түсіндірілгенін айтып, пікірді қызды өлтірді деген күдіктіге қатысты жазғанын түсіндірді.
«Менің пікірім Нұрай Серікбайдың өзіне емес, сотталушыға бағытталды. Мен ешқашан қылмысты және қылмыс жасаған адамдарды қолдаған емеспін», – деді ер адам.