Қызылордалық диқандар су үнемдеуге көшті
Қызылорда облысында күріш алқаптарын азайтып, тез пісетін әрі суды аз тұтынатын дақылға басымдық беріле бастады. Шиелі ауданында соңғы үш жылда күріш көлемі үш мың гектарға қысқарған.
Диқандар су үнемдеу технологияларын да кеңінен енгізе бастады.
Шиелі ауданының Бидайкөл ауылындағы Таңатар Бегмановтың шаруашылығында жұмыс тәулік бойы тоқтамайды. Мұндағы диқандар бұл жолы күріш емес, бақша дақылдарына басымдық беріп отыр. Су тапшылығына байланысты тез пісетін дақыл түрлерін қолға алған.
Таңатар Бегманов, Агрошаруашылық жетекшісі:
- Тамшылатып суғару жүйелерін қолға алып, қазір сонымен жұмыс жасап жатқан жайымыз бар. Биылғы жылы қызанақ, қияр, суды аз қоректенетін жүгері, арпа, бидай, мақсары, тары дақылдарға көшіп, күрішті қысқартып, басқа дақылдармен жұмыс жасап жатқан жайымыз бар.
Соңғы үш жылда Шиелі ауданындағы күріш алқаптары үш мың гектарға жуық қысқарды. Ендігі меже - суды аз қажет ететін, өзін-өзі ақтайтын балама дақылдарды көбейту, - дейді мамандар.
Мұрат Әшірбеков, Шиелі аудандық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:
- Картоп, бақша, көкөніс өнімдерінде былтырғыдан шамалы көлемін ұлғайттық. Негізі биыл біз жүгері дақылына басымдық бердік. Бізге бекітілген 2000 гектар жүгерінің орны, дәндік жүгерінің орнына 2100 гектар дәндік жүгері егіп жатырмыз.
Жауапты басқарма өкілдері өңірде су тапшылығы туындамайды деп сендіріп отыр. Жеткілікті көлемде су қоры жасақталған. Өңірде күріш алқаптарын азайту шаралары да оң әсер еткен.
Дәулетбек Әбдірасулов, облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:
- Биылғы өңірдің егіс алқаптарына сумен қамтамасыз ету үшін 3,2 миллиард текше метр су лимиті бөлінді. Вегетациялық кезең басталғаннан бері Сырдария өзенінен каналдар арқылы нақты 2,9 миллиард текше метр су алынды. Жаппай су алу науқаны аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта енді алдағы 300-400 миллион текше метр су бізге жеткілікті. Әрі қарай тағы көлдерді және Сырдария өзенін толтыруға әрі қарай жұмсалады.
Өңірде егінге су берудің арнайы кестесі әзірленіп, алқаптарды лазерлік тегістеу сияқты заманауи тәсілдер қолданылып жатыр. Диқандар мұндай жүйелі шаралар биылғы өнім көлемін толық сақтап қалуға мүмкіндік беретініне сенімді.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Нұржан Музарапшин