Атырау облысында Мұқыр-Құлсары жолы жөнделіп жатыр
Атырау облысында республикалық маңызы бар Мұқыр-Құлсары автомобиль жолы орташа жөндеуден өтіп жатыр.
Жоба Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын жаңғырту және еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Ұзындығы 136 шақырымнан асатын жол кез келген тасымалдың уақыты мен шығынын айтарлықтай қысқартып, шалғай елді мекендердің қатынасын жеңілдетеді.
Мұқыр-Құлсары тас жолын орташа жөндеу жұмыстары екі мердігер мекемеге жүктелген. 43 шақырымды құрайтын бірінші жоба бойынша жолдың астынғы қабаты толық жаңарды. Қазір жоғарғы қабатына ұсақ түйіршікті асфальт төселуде.
Самат Айтқалиев, мердігер мекеме өкілі:
- Ірі түйіршікті асфальт бетон қабаты толығымен аяқталды. Жобада көрсетілген 21 су өткізгіш құбыры орнатылды. Қазіргі таңда жолдың жол жабындысының беткі қабатын уақ түйіршікті асфальт бетон жұмыстары жүргізілуде.
Ал 93 шақырым болатын екінші жоба қыркүйекке дейін аяқталады. Одан кейін жол белгілері сызылып, таңбалар орнатылады. Жалпы 136 шақырым жолдың 95 шақырымы қазір толық дайын.
Азат Қаракөзов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Облыстық филиалы басшысының орынбасары:
- Жоспарға сәйкес, жұмыстар толығымен жүріп жатыр. Осы қыркүйек айында 43-136 шақырымы тапсырылады. 31-42 шақырымы осы тамыз айына дейін тапсырылатын болады. Қалған учаскелер қазан айына дейін тапсырылатын болады.
Жобаның жалпы құны 22 миллиард теңге. Қаржы Қазақстан даму банкінен бөлінген. Мамандардың айтуынша, жоба аяқталғаннан кейін жол жүру уақыты қысқарады. Мысалы, Ақтөбе облысынан Маңғыстауға бағыт алған жолаушылар Доссор кентін айналып өтпей-ақ Мұқыр ауылы арқылы жүре алады. Бұл өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға және ауданаралық, облысаралық байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Жандос Рахметуллин