Ақмола облысында әлеуметтік тұрғын үйлер салынып жатыр

Биыл Зеренді ауданында халықтың әлеуметтік осал тобы санатына жататын 65 отбасы қоныс тойын атап өтеді. Аудан орталығында 45 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Ал Шағалалы ауылында заманауи үлгідегі екі пәтерлі 10 тұрғын үй салынып жатыр. Сондай-ақ елді мекенге жаңа кіреберіс жол салынды.

Шағалалы ауылы облыс орталығынан небәрі 28 шақырым жерде орналасқан. Мұнда екі мыңнан астам адам тұрады. Жуырда ұзындығы үш шақырымнан асатын  кіреберіс жолға орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.

Жұбайхан Хамайұлы, Шағалалы ауылының тұрғыны:

 - Осыған байланысты ауылдың тұрғындары өте қуанышты. Өйткені жұмысқа бәріне қолайлы. Динамикасы жоғары ауыл. Көші-қон, ішкі көші-қон өте жоғары. Бір үй көшіп жатса, жылына бір үйдің орнына екі үй келіп жатады. Қалаға жақын, ауданға жақын.

Айтқандай, биылдың өзінде мұнда қандас санатындағы 14 отбасы көшіп келді.  Әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтар үшін заманауи үлгідегі екі пәтерлі 10 тұрғын үй салынуда. Бұдан бөлек, Зерендіде тағы бір көпқабатты тұрғын үй бой көтеріп жатыр.

Әсет Құрманғожин, Зеренді ауданының әкімі:

- 2025-2026 жылдары үш ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырдық. Олар  сүт-тауар фермасы, құрама-жем өндіретін зауыт пен калий комбинаты. Бюджет кірісінің артуы жол инфрақұрылымы, әлеуметтік нысандар және тұрғын үй құрылысы сияқты маңызды жобаларды іске асыруға мүмкіндік берді. Былтырдан бері әлеуметтік осал топ санатындағы 62 адам әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Зеренді тұрғындары үшін тағы бір маңызды жаңалық – жаңа су айдау станциясының іске қосылуы. Жаңа нысан бір ай бұрын пайдалануға берілді. Қазір ауыл халқы сапалы әрі ауыз сумен толық қамтамасыз етілген.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Арайлым Шытырымбек, Виктор Полянный