Астанада тұрғын үй кешенінің ауласында бұзақылық жасаған екі азамат қамауға алынды
Елордада тұрғын үй кешенінің ауласында қоғамдық тәртіпті бұзған екі азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды 24kz.
Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында тұрғын үй кешенінің ауласында жаңбырдан жиналған шалшықтың ішінде отырған екі ер адамның алкогольдік ішімдік ішіп, суды теуіп, оны маңайдағы балаларға қарай шашып жатқан сәті түсірілген бейнежазба анықталған.
Аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп, оқиғаға қатысушылардың жеке басы анықталды. Олар – 37 жастағы Алексей Свиридов пен 35 жастағы Владимир Логвин. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін екі азамат та ұсақ бұзақылық жасағаны бойынша әкімшілік жауапқа тартылды, делінген хабарламада.
Соттың қаулысымен Алексей Свиридовқа 25 тәулік, ал Владимир Логвинге 7 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындалды.
Полиция қоғамдық орындарда тәртіпті бұзатын әрекеттерге жол берілмейтінін еске салып, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретін кез келген құқыққа қайшы әрекет заң аясында қатаң жауапкершілікке әкелетінін мәлімдеді.