Астана-1 вокзалының аумағы 500 шаршы метрге ұлғаяды: жаңғырту жұмыстары қалай жүріп жатыр?

Фото: gov.kz

Елордадағы Астана-1 теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан теміржол инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту бағдарламасы аясында бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде, деп хабарлайды 24KZ ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта нысанда ғимараттың шатыры мен қасбетін жаңарту, перрон мен конкорстық өткелді қайта жаңғырту жұмыстары атқарылып жатыр. Сонымен қатар ішкі әрлеу, сумен жабдықтау, кәріз, жылыту, электрмен қамту, желдету және байланыс жүйелерін орнату жұмыстары жүргізілуде.

Қайта жаңғырту аяқталғаннан кейін вокзал кешенінің аумағы 500 шаршы метрге ұлғайып, 8,7 мың шаршы метрге жетеді. Бұл жолаушыларға жасалатын жағдайды жақсартып, жыл сайын артып келе жатқан жолаушылар ағынына сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Қазір құрылыс алаңында 255 маман және 12 бірлік арнайы техника жұмыс істеп жатыр.

Астана-1 станциясының вокзалы 1990 жылы салынған. Одан кейінгі жылдары тек ағымдағы жөндеу жұмыстары ғана жүргізілді. Қайта жаңғырту аяқталғаннан кейін вокзал қауіпсіздік, жайлылық және қолжетімділік бойынша заманауи талаптарға толық сәйкес келеді, делінген хабарламада.

Жоба аясында жолаушылар үшін жаңа эскалаторлар, лифтілер мен көтергіш платформалар орнатылады. Сондай-ақ пандустар, ана мен бала бөлмелері, заманауи санитарлық тораптар және күту аймақтары жабдықталады.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастыруға да ерекше мән беріліп отыр. Вокзал аумағында тактильді навигация элементтері орнатылып, көру қабілеті төмен жолаушыларға арналған ақпараттық тақтайшалар орналастырылады.

Сонымен қатар қайта жаңғырту барысында заманауи бейнебақылау, өрт дабылы, қолжетімділікті бақылау және жолаушыларды хабардар ету жүйелері енгізіледі. Жаңа LED-экрандар орнатылып, дауыс арқылы ақпарат беру жүйелері, жиһаздар мен технологиялық жабдықтар жаңартылады.

Көлік министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың жеті айында Астана-1 станциясындағы жолаушылар ағыны 1,8 миллион адамнан асқан. Оның ішінде 908 мыңнан астам жолаушы елордадан сапарға шықса, 977 мыңнан астам адам Астанаға келген.

Айта кетейік, жаз басталғалы Қазақстанда ауқымды жаңғыртудан кейін 70 теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Оның 40-ы шілде айында жаңартылып, жолаушыларға қайта ашылды. Бұл жұмыстар еліміздегі 124 вокзал кешенін жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.