Қызылорда облысында заңсыз алтын өндірген 13 адам ұсталды
Қызылорда облысында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқан қылмыстық топтың қызметіне тосқауыл қойылды, деп хабарлайды «24KZ».
Қаржылық мониторинг агенттігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратураның үйлестіруімен жүргізген арнайы операция нәтижесінде 13 адам ұсталды.
Тергеу мәліметінше, Жаманкөл шатқалында күрделі өндірістік өңдеуді қажет етпейтін табиғи алтын заңсыз өндірілген.
Қылмыстық топ мүшелерінің міндеттері нақты бөлінген. Бірі алтын іздеушілерді тартып, өндіру жұмыстарын ұйымдастырса, енді бірі алтынды тасымалдау мен сатуға жауап берген. Қалғандары қауіпсіздікті қамтамасыз етіп отырған.
«Заңсыз әрекетті жасыру үшін аумақтың айналасына бақылаушылар қойылып, мотоцикл мінген адамдар маңайды торуылдаған. Олар бөгде адамдардың немесе мемлекеттік органдар қызметкерлерінің келгенін алдын ала ескертіп отырған. Өндірілген алтын Алматы қаласына жеткізіліп, сатудан түскен қаражат топ мүшелерінің арасында бөлінген», – деп мәлімдеді агенттік.
Тінту барысында құрамында алтыны бар 500 грамнан астам шикізат, екі арнайы техника, 12 металл іздегіш және алты автокөлік тәркіленді. Сондай-ақ екі пневматикалық тапанша мен бір тегіс ұңғылы мылтық табылды.
Қазіргі уақытта 13 күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жалғасып жатыр.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз