Жезқазғанда биылғы шомылу маусымында төрт адам суға кетті

Жезқазғанда шомылу маусымы басталғалы 4 адам суға батып кетті.

Оның екеуі бала. Қайтыс болғандардың барлығы суға түсуге тыйым салынған жерлерде шомылған. Құтқарушылар қанша ескерткенмен белгіленбеген жерге суға түсуге баратын балалардың азаймай тұрғанын айтады. Осыған орай қаланың іргесіндегі Кеңгір көлінде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Полиция тарапынан да патруль саны артты. 

Жезқазғандықтар ала жаздай Кеңгір көліне шомылады. Жасанды көлдің жағасында қауіпсіз демалу үшін жағдай жасалған 4 ресми жағажай жұмыс істейді. Дегенмен, суға түсуге тыйым салынған орындарда шомылушылар қатары азаймай тұр. Әсіресе үлкендердің қарауынсыз жүрген бала көп. 

Жансұлу Омарова, қала тұрғыны:

- Жиендерімді өзім ертіп келдім. Су тамаша. Жазда суға шомылмай жүру мүмкін емес қой. Дегенмен, сақтық шараларын естен шығармау керек. Естіп жатырмыз жақында ғана үш адам батып кетті.

Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін құтқарушылар күнұзақ жағалауды шолып, рұқсат етілмеген жерлерге шомылуға болмайтынын ескертеді. Дегенмен, оны елемейтіндер көп.

Қасым-Жомарт Көбейсін, ТЖД ресми өкілі:

- Рұқсат етілген жер бар, рұқсат етілмеген жер бар, бәріне жетіп үлгеру мүмкін емес. Біз барынша тырысамыз. Бірақ жазатайым оқиға көп болып жатыр. Адамдар көбіне жадынамаларымызды алады, міндетті түрде туған-туыстарға жеткіземіз деп айтады, бірақ біз бір келіп тексергеннен кейін қайта келіп суға түсетін фактілер көп. 

Судағы тәуекелдерді азайту үшін құтқарушылар патруль санын арттырды. 13 қайық пен жағалауды шолып шығатын бірнеше жеңіл  көлік  жұмылдырылған. Жалпы шомылу маусымы басталғалы 4 адам суға кетті. Өткен аптада екі күннің ішінде үш қайғылы жағдай тіркелді. Тілсіз жаудың құрбанына айналғандардың екеуі бала.

Әйгерім Қалдыбаева, облыстық ПД аға инспекторы:

- Өкінішке орай, барлық оқиға шомылуға арналмаған жерлерде орын алған. Мұндай қайғылы жағдайлардың негізгі себебі қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан. Көп жағдайда балалар ересектердің қарауынсыз қалады. Кейбір азаматтар су жағасында алкогольдік ішімдік ішіп, сақтық шараларын елемейді. 

Рұқсат етілмеген орындарда суға түскендерге айыппұл қарастырылған. Полиция осыған дейін судағы қауіпсіздік ережесін өрескел бұзған 30 адамға әкімшілік шара қолданған. 

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшахира Серекбаева