Жезқазғанда ерекше балаларға 600 орындық арнайы мектеп салынады

Ұлытау облысында ерекше балаларға арналған 600 орындық арнайы мектеп салу жоспарланды.

Жаңа мектеп балалардың білім алып, жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ мұнда қажетті мамандардың көмегі көрсетілмек.

Инклюзивті білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Президент Қазақстан халқына Жолдауында бұл бағыттың маңызын атап өтті. Ұлытау облысында да ерекше білім беру қажеттілігі бар 2,5 мыңнан астам бала тіркелген. Көп балалы ана Самал Садықованың балаларының біріне аутизм диагнозы қойылған. Қазір отбасы жеке оңалту орталығына барып жүр. Ата-ана үшін мұндай балаларға арналған арнайы көмектің қолжетімді болуы өте маңызды.

Самал Садықова, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Біз қазір осы жекеменшік оңалту орталығына келіп жүрміз, бір айдай уақыт болды көңілімізден шығып жатыр, бірақ біз осы Жезқазғанның ата-аналары көп жылдан бері осындай мемлекет тарапынан бізге қолдау болса екен, мемлекеттік осындай күндізгі, баланы қолдау орталығы арнайы мектеп ашылса деп көптен бері сұрап жүрген болатынбыз және жақын арада сол жоба іске асады деген жаңалықты естіп қуанып жатырмыз.

Ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы мектеп Жезқазған қаласында бой көтереді. Жоба арнайы жол картасы аясында бекітілді. 

Азатбек Бектұрған, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

- Жезқазған қаласында оңалту, сауықтыру кабинеттері бар 600 орындық арнайы мектеп салу жобасы Жол картасы аясында бекітілген. Қазіргі таңда басқарма тарапынын жобалы-сметалық құжаттарын әзірлеуге конкурс қараша айының басына жоспарланып отыр. Жалпы құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2027 жылы салуды  қазіргі таңда көздеп отырмыз.

Мектепте сауықтыру және оңалту сабақтарына арналған 16 кабинет жабдықтау көзделген. Сондай-ақ ұзартылған күн тобын ұйымдастыру, кәсіптік бағдар беру және тұрмыстық дағдыларға үйрету жоспарланып отыр. Ал шалғайдағы елді мекендерден келетін балалар үшін мектеп жанынан интернат ашу қарастырылған.

Меруерт Қажмағанбетова, Ұлытау облысы білім басқармасының бас маманы:

- Ұлытау облысы бойынша психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация есебінде 2564 бала тіркелген. Оның ішінде 603 бала зиятында бұзылысы бар балалар. Осы санаттағы балаларға арналған Жезқазған қаласында арнайы мектеп салу жоспарланған. Қазір ол жерде мектепте ұзартылған күн режимін ұйымдастыру, кәсіптік бағдар беру және сондай-ақ тұрмыстық даярлау жұмыстары жүргізілетін болады.

Жаңа мектепке түзету-педагогикалық бағыттағы мамандар қажет. Қазір Ұлытау облысының білім беру ұйымдарында 115 арнайы педагог жұмыс істейді. Алайда логопед, дефектолог және басқа да бейінді мамандарға сұраныс жоғары. Осыған байланысты кадр тапшылығын шешу мақсатында арнайы гранттар бөлу жоспарланып отыр. Ал Жезқазған гуманитарлық колледжінде логопед мамандар даярлайтын мамандық ашу мәселесі қарастырылуда.

Авторлары Қарлығаш Қасиетова, Іңкәр Ибраева

Сондай-ақ оқыңыз: