Атырау облысында мал азығы бағасының шекті мөлшері белгіленді

Атырау облысында қысқы мал азығы бағасының шекті мөлшері белгіленді.

Мамыр айында ауылдық округ әкімдері пішен дайындаушылармен 78 меморандумға қол қойды. Өңірдегі шаруашылықтардың алдағы қыстан қысылмай шығуы үшін 626 мың тонна мал азығы қажет. «Жасыл орақ» науқанына 5 ауданнан 30-ға тарта бригада жұмылдырылған. Биыл мамыр-маусым айының жаңбырлы болуынан Қызылқоға, Құрманғазы аудандарында шөп бітік шықты. Ендігі мақсат дайындалған жем-шөпті тұтынушыға тиімді бағамен жеткізу. Себебі 2019 және 2022 жылғы қуаңшылық кезінде өңірде бір бума шөптің бағасы 18 мыңға дейін шарықтап кеткен болатын. Сонан бері жергілікті билік пішенші бригадалармен бірлесіп тұрақты баға белгілейтін болды. 

Жасұлан Сұлтанғалиев,облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

- Меморандум аясында мал азығының бағасы, яғни 1 рулон шөптің бағасы 6500 және 8500 теңге аралығында. 6 тамызға арналған ақпарат бойынша, облыс бойынша 328 мың мал азығы дайындалды. Яғни орындалысы 52 пайызды құрайды. Облыс бойынша құрама жем сататын 34 сауда орыны бар. Қазіргі құрама жемнің бағасы: 1кг 90-110 теңге аралығында.