Мемлекет кәсіпкерлерді қолдайды
Қарағанды облысында мемлекет қолдауы арқасында кәсібін дөңгелеткен кәсіпкерлер қатары артып келеді. Аймақта жыл сайын маңызды 50 жобаны жүзеге асыруға қайтарымсыз грант беріледі.
Кәсіпкерлер ол қаржыны өз ісін ашуға немесе жұмыс істеп тұрған бизнесті одан әрі дамытуға жаратып отыр.
Осыған дейін бұл шеберханада ұлттық бұйымдар қолмен тігілетін. Қазір адам күшін заманауи тігін мәшинелері ауыстырған. Кәсіпкер Дәмелі Ермекова «Бір ауыл - бір өнім» жобасы аясында бес миллион теңге көлемінде мемлекеттік грант алды. Қаржыға заманауи жабдықтар алып, өндірісті жаңартты. Жаңа жұмыс орындарын ашты. Қазір мұнда балаларды дамытуға арналған ойыншықтар мен киізден жасалған түрлі кәдесыйлар жасалады.
Дәмелі Ермекова, кәсіпкер:
- Біз осы қорапшаны ойлап шығардық. Ішіне барлық керек-жарақтарын саламыз. Кішкентай ғана бұйымды 40 минут-1 сағаттың көлемінде 6 жастан асқан балалар өздері жасап шығарады. 6 жастан асқан балалар өздері кішкентай текемет басып шығады. Ши пазл деген шиден құрастыру арқылы шиден осындай оюлы ши тоқып шығуға болады.
Шеберханада бес жылдан бері ұлттық қолөнер мектебі жұмыс істейді. Бүгінге дейін мұнда мыңнан астам бала мен ересек тігіншілікті үйреніп шықты. Олар киіз бұйымдар жасап, оюлы кесте мен басқа да сәндік-қолданбалы өнерді меңгереді.
Аяжан Советбекова, Ұлттық қолөнер мектебінің оқушысы:
- Өзім тоқымамен айналысқанды жақсы көремін. Сол үшін мен осы жерге келдім. Өзіме қатты ұнады. Осында тоқымамен лилия деген гүлді істеп жатырмын.
Мемлекеттік қолдау тек қайтарымсыз гранттармен шектелмейді. Кәсіпкерлер тегін оқудан өтіп, бизнес-жоспарды әзірлеу бойынша кеңес ала алады. Бұл қызметтерді оларға Кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығының мамандары үйлестіреді.
Расул Қасенхан, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары:
- Жыл сайын бізде 125 млн теңге, ол дегеніміз 50 грантқа қаржы бар. Грантты алушыларға байланысты жылына әр түрлі сандар алынады. Бұл дегеніміз конкурсқа қатысқан барлық азаматтар грант алады деген семес, бұл жерде комиссия жан-жақты зерделеп, өйткені бұл мемлекеттік қаржы болғаннан кейін беріліп қана қоймай оны нақты орындалуы туралы қатты көңіл бөлінеді.
Мемлекеттік грант жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейтумен қатар, жаңа кәсіп бастауға мүмкіндік береді. Ол үшін бағдарламаның шарты бойынша жаңа жұмыс орындарын құру қажет.