Таразда 96 құрылыс жобасы қолға алынды
Таразда бүгінде 96 құрылыс жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның 62-сі – тұрғын үй. Алты жоба аясында саябақтар салынып, көшелер абаттандырылуда.
Қаланың келбетін жаңғыртып жатқан ауқымды жұмыстардың артында құрылысшылардың қажырлы еңбегі тұр.
Тараздық құрылысшы Руслан Әлімбеков елімізде алғаш болып шыны пластиктен киіз үй жасауды қолға алған. Заманауи материалдан дайындалған ұлттық баспана жеңіл, берік әрі ауа райының кез келген жағдайына төзімді. Су өткізбейді, шірімейді. Алғашқы жобасын Түркістанда жүзеге асырған шебер қазір дәл осындай киіз үйлерді Тараздағы этноауыл кешенінде орнатып жатыр. Руслан Әлімбеков құрылыс саласында 19 жылдан бері еңбек етеді. Ол жетекшілік ететін ұжым Ғалымдар саябағы, Тектұрмас этно-мәдени кешені, «Әулиеата» мүсіні, «Асатаяқ» композициясы сынды өзге де сәулеттік нысандарды салған. Бүгінде кәсіпкер 40 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ерен еңбегі үшін мемлекеттік және облыстық марапаттарға ие болған.
Руслан Әлімбеков, құрылысшы:
- Кез-келген нәрсе өзіңнің қолыңмен жасалғаннан кейін көрген кезде бір қуаныш билейді. Қалаға еңбегіміз сіңіп жатыр екен деп. Енді туризмді дамытатын жеке кәсіпкерлер шығып жатыр. Ол кісілердің киіз үйін жасап беріп жатырмыз. Бұл киіз үйдің ерекшелігі «жестянка» емес, бұл эпоксидпен жасалады. Және толық болып құйылады. Сол себепті бұл ыстықтан да, суықтан да ештеңеден қорықпайды. Су өтпейді.
Құрылыс саласының ардагері Марат Назарбеков бұл мамандыққа бүкіл ғұмырын арнаған. Ол 1983 жылы Целиноград инженер-құрылыс институтын тәмамдап, туған өңіріне оралған. Содан бері 43 жыл бойы Тараздың өркендеуіне үлес қосып келеді. 1980 жылдары шаһардағы 8 және 11-шағынаудандардың құрылысына қатысқан.
Марат Назарбеков, құрылыс саласының ардагері:
- Күрделі құрылыстан, жөндеу жұмыстарынан мектептерді өткіздік. Амбулаториялар соғылды. Жол саласы бар, энергетика электрлендіру салалары бар. Атап айта берсек көп енді. Сол құрылыстардың бәрінен жүріп өттік. Қолдан келген өзіміздің бар үлесімізді осы құрылыс саласына қосып жатырмыз.
Биыл қалада 31 миллиард теңгені құрайтын 96 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде 62 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, Төрткүл керуен сарайын қайта жаңғырту, әкімдік ғимараты, қосалқы станция, Салтанат сарайы секілді маңызды нысандар бой көтеруде. Мұның бәрі – құрылысшылардың күнделікті еңбегінің нәтижесі.
Ербол Амантаев, Қалалық құрылыс бөлімі басшысының м.а:
- Орасан зор жұмыстардың атқарылуына құрылысшылардың үлесі өте көп. Құрылысшыларды кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұлардың істеген жұмыстары бүгінгі күнде бәрімізге аян. Соңғы 2-3 жылда қандай өзгерістер болып жатқаны өзімізге көрініп білініп жатыр. Мысалы, 15-шағын аудан, 14, 16 шағын ауданның бой көтеруіне осы құрылысшылардың еңбегі орасан зор.
Қаланың бүгінгі келбеті – құрылысшылардың ерен еңбегінің жемісі. Әрбір бой көтерген тұрғын үй, әлеуметтік нысан, саябақ пен сәулеттік кешеннің артында маңдай тері мен мол тәжірибесі бар еңбек адамдары тұр. Сондықтан Құрылысшылар күні – осы мамандарға көрсетілген құрмет пен олардың еңбегіне берілген лайықты баға.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан