Кофе дәуірі аяқтала ма? Болашақтың сусыны қандай?
Әлемдік нарықта кофе бағасы кейінгі алты айдағы ең жоғары деңгейге жетті. Арабика сұрпы бір айда 16,5 пайызға, робуста 9 пайызға қымбаттады.
Сарапшылар бұған климаттың өзгеруі себеп дейді. Оның үстіне, күн райы қолайсыз болса, негізгі өндіруші елдердегі өнім көлемі тағы азаюы мүмкін.
Осы тұста кофеинсіз сусындарға сұраныс арта бастады. Кофеден бас тартып, балама өнімдерге бет бұрғандар бар. Демек, кофе дәуірі ақырына таяп қалды ма деген сұрақ туындайды.
Ал кофе дәуірі өтсе, енді қандай сусын жұртың таңдайын жібітуі мүмкін?
Динара Қуандыққызы, тілші:
- Таңды кофесіз елестете алмайтындар көп. Алайда кейінгі уақытта бұл сусынның бағасы тұрақты өсіп келеді. Сарапшылар мұны климаттың өзгеруімен және кофе өндірісінің азаюымен байланыстырады.
Бразилия, Вьетнам және Колумбия әлемдік кофе өндірісінде негізгі рөл атқарады. Сондықтан бұл елдердегі кез келген климаттық өзгеріс әлемдік нарыққа әсер етеді. Ал кейінгі жылдардағы құрғақшылық пен жауын-шашынның тұрақсыздығы өнім көлемін азайтып, нәтижесінде кофе бағасы күрт қымбаттады.
Эль Мамун Амрук, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының экономисі:
- Кейінгі екі жылда ауа райының қолайсыздығы кофе өндірісіне айтарлықтай әсер етті. Негізгі өндіруші өңірлерде болған құрғақшылық салдарынан өнім көлемі азайды. Соның салдарынан әлемдік нарықта баға күрт өсті.
Кофеге балама іздейтіндердің қатары көбейіп келеді. Содан болар матча әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан сусындардың біріне айналды. Матча – ұнтақталған жасыл шай жапырақтарынан дайындалатын дәстүрлі жапон сусыны. Әсіресе жастар арасында оған сұраныс жоғары. Сарапшылар мұны уақытша тренд емес, тұрақты үрдіс деп бағалайды. Болжам бойынша, биыл әлемдік матча нарығының көлемі 5 миллиард 850 миллион АҚШ долларына жетеді. Ал 2034 жылға қарай бұл көрсеткіш 10 миллиард 850 миллион долларға дейін өседі. Яғни нарық жыл сайын шамамен 8 пайызға ұлғайып отырмақ.