Қазақстанда медициналық қызметтердің 89%-ға жуығы цифрлық форматқа көшті
2025 жылы қазақстандықтарға 215 млн-нан астам медициналық қызмет көрсетілді. Оның 89%-ға жуығы электрондық форматта ұсынылған, деп хабарлайды 24KZ.
Бір жыл ішінде елімізде 8,5 млн-нан астам электрондық медициналық анықтама берілген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 2,2 есе көп.
Сонымен қатар 5,6 млн азамат дәрігер қабылдауына онлайн жазылған. Енді бұл үшін емхананың тіркеу бөліміне барудың қажеті жоқ.
Цифрландыру диагностикалық зерттеулерді күту уақытын да қысқартуға мүмкіндік берді. Мысалы, бұған дейін ПЭТ/КТ зерттеуіне үш айға дейін күтуге тура келсе, қазір бұл мерзім шамамен екі аптаға қысқарған.
Алдағы уақытта медицина саласындағы электрондық сервистерді одан әрі кеңейту жоспарланып отыр. Жаңа цифрлық шешімдердің қатарында дәрігерлердің бірыңғай қабылдау кестесі мен e-Health порталы бар.