10 тамыз − Ұлы Абайдың туған күні

Бүгін – Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туған күні. Ол ескі жыл қайыру бойынша 10 тамызда дүниеге келген. Жазба әдебиетінің негізін қалаған ойшылдың еңбектерін қазір дүниежүзі сүйсініп оқиды.

Абай... Ұлт тарихындағы қайталанбас тұлға. Ол жазба әдебиетінің негізін қалады. Ахмет: «Бұрын-соңды қазақ баласында одан асқан ақын болған жоқ. Болмайды да» десе, Міржақып Абайды сөз өнерінің алғашқы кірпішіне балады. Өмір жолында 170-тен аса өлең, 56 аударма, 45 қара сөз жазды. Жай жазбады. Түбірін, тамырын, ішкі сырын һәм қадір-қасиетін қармай жазды. Тұманда қалған халыққа сәуле, адасқан жұртқа бағыт болды. Тек әдебиетте ғана емес, жалпы ұлттың қалыптасу жолында үлкен қызмет атқарды. Содан болар, тарихшылар Абайды Алаш ардақтыларының ұстазы деп таниды. Мұны абайтанушылар осылай түсіндіреді.

Болат Қорғанбек, абайтанушы:

- Барлық саяси-мәдени ағымның өкілдері дерлік, түгел Абайды, ХХ ғасырдың басындағы ұлт азаматтарының барлығы Абайды үлгі тұтты, ұстаз тұтты десек қателеспейміз. Абайдың жалпы өмірдегі мақсаты өз халқын, қазағын қалай көгертемін, алдыңғы елдердің қатарына қосамын деген болды. Алаштың да басты мақсаты болды ғой. Абайдың жолы сан алуан соқтықпалы болды. Көзқарастары өзгерді. Бір-ақ жері өзгерген жоқ. Ол елімді қалай бақытты етемін деген ойы өзгермеді. Ниеті ме мақсаты ортақ болды. Міне, сондықтан да олар Абайды үнемі өзінің ұстазы санап, үлгі тұтып отырды.

Абай көзі тірісінде еңбектерін кітап қылып, басып шығаруға қарсы болған. Бойында дақпырт дарақылығы жоқ, атаққұмарлықтан ада ақынның сөзі өзі өлгеннен кейін 5 жылдан соң ғана басылды. Осылайша, күңкілі, күңшілі көп заманда туған тұлғаның ойы өлеңге, сезімі қара сөзге сіңді. Қазір біртуар тұлғаның мұрасымен елі ғана емес, жер-жаһан түгел сусындап жүр. Қазір әлемнің 20-дан аса елінде Абайдың ескерткіші бар. Көрші мемлекеттерді былай қойғанда, жырақтағы Бразиялия, Франция, Оңтүстік Корея сында елдер де ұлы ойшылды ұлықтайды.

Мәселен, бұл бельгиялық Лукас Моммер. Ол қазақтың ұлттық киімін киіп, ана тілімізді үйреніп жүр. Қолынан домбырасы мен Абайдың қара сөздерін тастамайды.

Лукас Моммер, Брюссель тұрғыны:

- Абайдың қара сөздерін француз тіліне аударып алдым. Ойшылдың пәлсапасын зерттеу қызық. Ұлы тұлғаның ойларын ежелгі грек философиясымен салыстыруға болады. Өзім мектепте сабақ беремін және бұл идеяларды оқушыларыма үнемі үлгі қылып көрсетіп жүрмін. Қазақстанның тарихы өте бай. Оның тамыры тереңде жатыр. Бұл құндылықтардың арасында Абайдың шоқтығы биік.

Абайдың туған күнін Лукас та өзіне сай ерекше қарсы алды. Ол өзінің әлеуметтік желідегі оқырмандарына ақынның сөзіне жазылған әнді домбырамен орындап берді.

Абай – тек әдеби тұлға емес. Абай ағартушы. Ол қазақ дүниетанымының барлық сырын аша білген жан. Оны оқу арқылы біз болымысызды танимыз һәм өзімізге деген құрметіміз артады. «Толық адам» тұжырымдамасын бала бойына ерте жастан сіңіру керек деген әңгіме жиі айтылып жүр. Ойшылдық идеяларын өмірлік серік еткен азаматтар бұл сөзді растайды.

Абайды оқу, оның ілімін, білімін бойға сіңіру, өмірлік ұстанымға айналдыру – ел тұтқасын ұстайтын жастардың парызы. Қазір елде 19 мыңға жуық Абай есімді адам тұрады. Ұлы ақынды ұлты ұлықтайды. Әсіресе кейінгі уақытта Абай күні ауқымды көлемде тойлана бастады. Биыл да түрлі мәдени-ағартушылық бағдарлама дайындалды. Елдің түкпір-түкпірінде әдеби-музыкалық кештер, форумдар, кітап көрмелері, театр қойылымдары, шығармашылық байқаулар мен зияткерлік ойындар өтіп жатыр.

Авторы: Бекзат Аманов