Марқұм Нұрайдың ағасы күдіктіден не үшін 10 млрд теңге талап еткенін түсіндірді
Шымкентте адам қолынан ажал құшқан Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай күдікті тараптан не себепті 10 млрд теңге көлемінде моральдық өтемақы талап еткендерін түсіндірді, деп хабарлайды «24KZ».
Оның сөзінше, бұл соманың белгіленуіне екі себеп бар. Бірі – заң тұрғысындағы талап болса, екіншісі – моральдық жауапкершілік мәселесі.
«Неліктен 10 млрд теңге талап еттік? Мұның екі себебі бар. Біріншісі – заң тұрғысынан. Сотталушы келтірілген шығынды өтемейінше, жазасын жеңілдетуге немесе шартты жазаға ілігуге мүмкіндік болмауы керек деп есептейміз. Яғни бұл соманы өтеу міндеті оның мойнында өмір бойы қалуы тиіс. Екіншіден, сот нақты қандай көлемде өтемақы тағайындайтынын өзі шешеді. Ал жәбірленуші тарап қанша соманы талап ететінін өзі белгілейді. Сондықтан біз өзіміз дұрыс деп санаған соманы көрсеттік», – деді Сұлтан Серікбай.
Марқұмның ағасы Нұрайдың өмірін ешқандай ақшаға бағалау мүмкін емес екенін атап өтті.
«Күдікті әлемдегі барлық ақшаны жинап әкелсе де, Нұрайдың орнын толтыра алмайды. Өйткені адам өмірінің құны ақшамен өлшенбейді», – деді ол.
Сұлтан Серікбайдың айтуынша, сот моральдық өтемақы өндіру туралы талапты қанағаттандырған жағдайда, қаражат қайырымдылыққа жұмсалады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз