Хакім Абай ұлықталды

Ақтау қаласында хакім Абай Құнанбайұлының туған күніне орай тағылымды мәдени шара өтті. Ұлы ақынның мұрасын дәріптеуге арналған шараға қала тұрғындары мен мәдениет саласының өкілдері қатысты.

Көпшілік қаланың орталық көшесінде орналасқан Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ақын рухына тағзым етті.

Ақтаудың орталық мәдениет-демалыс кешені қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбаевтың есімімен аталады. Жылдағы дәстүр бойынша көпшілік ғимарат алдындағы ақын ескерткішіне таң сәріден жиналды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов бастаған зиялы қауым өкілдері гүл шоғын қойып, қоғам қайраткері және қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы біртуар тұлға рухына тағзым етті.

Оңайбек Әбділов, облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

- Абайдың бай мұрасын жалғастыру, бірінші кезекте, біз – қазақ халқы болғаннан кейін ол біздің міндетіміз. Айтып кеткен насихат сөздерін толық түсініп әрі қарай ұрпаққа жеткізуіміз керек. Абайды тек қазақ деп тануға болмайды. Абай – әлемдік тұлға. Сондықтан Абай Құнанбайұлының басқа мемлекеттерде ескертішінің болуы соның айғағы.

6 тамыздан бері Ақтауда «Caspian Sea Action Week-2026» апталығы өтіп жатыр. Бауырлас Әзербайжан, Иран, Түрікменстан, қырғыз-өзбек, Тәжікстан және Ресейден келген волонтерлік ұйымдардың арнайы қатысуы, мәдени шара маңыздылығын арттыра түсті.

Беркели Атаев, «Тебиги Кувват» ҚБ өкілі /Түрікменстан/

- Абай Құнанбайұлы – күллі түркі әлеміне әдеби әрі мәдени тұрғыдан алғанда мол мұра қалдырған феномен тұлға. Ақынның туған күніне орай мәдени-көпшілік шаралар жыл сайын ұйымдастырылады. Негізгі бағдарлама Ашхабад қаласына кіретін орталық көше бойындағы Абай ескерткішінің алдында өтеді.

Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толуына орай облыстың барлық елді мекенінде мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылуда. Бүгін сағат 19.00-де амфитеатр алаңында «Абай мұрасы – ұлттың рухани қазынасы» атты бағдарлама болады. Көпшілік тамашалап қана қоймай, ақынның шығармаларын сахнада оқи алады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев