Жоғары білімді азаматтар арасында Президентті қолдау көрсеткіші 89,7% құрады
Қазақстандықтардың 85,7%-ы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім білдіреді. Бұл туралы Демократия институты жүргізген әлеуметтанулық зерттеу нәтижесінде белгілі болды. Сауалнама 20 шілде мен 6 тамыз аралығында жүргізілген. Оған еліміздің 17 облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 8 мың адам қатысты.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, Президентке ең жоғары сенім 18-29 жас аралығындағы жастар арасында тіркелді. Олардың 90,1%-ы Президент қызметіне оң көзқарас білдірген. Бұл – барлық жас санаттары арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Білім деңгейіне қарай да айырмашылық бар. Жоғары білімді азаматтар арасында Президентті қолдау көрсеткіші 89,7%-ды құраса, білім деңгейі төменірек респонденттер арасында 81,8% болған.
Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандардың дені Қазақстан дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді. Бұл пікірді де жастар көбірек қолдайды. Зерттеу нәтижесі бойынша ерлер мен әйелдердің, сондай-ақ қала және ауыл тұрғындарының көзқарасында айтарлықтай айырмашылық жоқ.
Демократия институтының қорытындысына сәйкес, Президент саясаты мен елдің даму бағытын қолдау әсіресе жастар мен жоғары білімді азаматтар арасында жоғары.