Абай мұрасына арналған әдеби алаң

Ақтөбеде «Абай – дана, Абай  – дара қазақта» әдеби алаңы ұйымдастырылды.

Ұлы ақын атындағы орталық даңғыл бойында «Абай мұрасы – халық қазынасы» инсталляциялық кітап көрмесі мен заманауи электрондық кітапхана, ойшылдың өмірі мен шығармашылық мұрасын насихаттайтын түрлі шығармалар жиынтығы көпшілікке ұсынылған. Салтанатты шарада VR-көзілдірік арқылы Абай музейіне виртуалдық саяхат жасауға болады. Дәстүрлі әдеби танымдық алаң талантты жастар бас қосатын мәдени жиынның біріне айналған. Олар ақынның өлеңдері мен «Қара сөздерінен» үзінді оқып, әндерін шырқады. Ұлы ақынның рухани мұрасын дәріптеп, өскелең ұрпақтың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға бағытталған шараға зиялы қауым өкілдері мен кітапхана оқырмандары атсалысты.

Жақсылық Айжанұлы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі:

- Абайдың айтары көп. Ол ғасырларға жол сілтейтін, бағыт беретін үлкен ұлы ақын ғой. Абай әрбір отбасына керек. Абайдың қара сөздерін, Абайдың өлеңдерін пайдалану керек, құрметтеу, қастерлеу қажет. Сонда оның үлкен тәрбиешік мәні зор. Абай әрбір шаңырақта тұруы керек қой.