Абай академиясы 94 ғылыми монография шығарды

Абайтану тәуелсіздік жылдарында жаңа ғылыми бағыттарда дамып келе жатыр. Бұл туралы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми хатшысы Айман Ақтанова мәлімдеді.

Оның айтуынша, Абай академиясы 94 ғылыми монографияны жарыққа шығарды. Оған Еуразия ұлттық университеті ғалымдарымен қатар, Қазақстанның өзге өңірлеріндегі абайтанушы зерттеушілердің еңбектері енген. Зерттеулерде философиялық, психологиялық бағыттағы еңбектер бар. Көптомдық жинақтарда Абай мұрасының қазіргі қоғамдағы орны, ақын шығармаларын заманауи ортада пайдалану мәселелері қарастырылған. Сондай-ақ Президент тапсырмасымен бірыңғай электронды кітапхана құру қолға алынды. Соның ішіде Абай Құнанбайұлының шығармаларын цифрландыруға ерекше мән берілмек. 

Алмаз Мырзахмет, ҚР МАМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті кітап ісі басқармасының басшысы:

- Бірыңғай каталог болады. Бүкіл кез-келген облыстағы, кез-келген кітапханадағы қандай кітап бар екендігі, қанша данада бар екендігі, оның бүгінгі күнге дейін қанша рет алынғандығы, қандай жанрда екендігі барлығы бірыңғай платформаның ішінде болады. Бұл жұмыстар Үкіметке қазір де қалыптастырылып, іске асу тетіктері ұсынылды. Кітапхана және кітап ісі туралы жаңа заңның ішінде де осы платформаның міндеттері айқындалатын болады. Абайдың мұрасы оның ішінде бөлек модуль ретінде оқырмандарға ұсынылады.