Ұлы ақынның мұражайы толықты

Бүгін қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туған күніне орай елдің түкпір-түкпірінде тағылымды іс-шаралар өтіп жатыр.

Абайдың Семейдегі «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында бірқатар мәдени іс-шара ұйымдастырылып, ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде ұлы ақынның түпнұсқа қол-жазбалары мен тарихи құжаттар топтастырылған.

«Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығы әзірлеген «Абай дәуірі: құжаттар мен естеліктер» көрмесіне ақынның ұлы Мағауияға және Халиоллаға жазған хаттары, Мүрсейіт Бікеұлы көшірген Абай шығармаларының қолжазбалары қойылды. Сондай-ақ Қарамола жарғысы мен Абайдың Сенатқа жазған хаты секілді тарихи маңызы зор, аса құнды мұралар ұсынылды.

Бұлбұлназ Уақметова, Экспозиция және көрме ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі:

- Абайдың ұлы Тұрағұл Абайұлының «Әкем Абай туралы» естелігі және Әрқам Кәкітайұлының «Абайдың өмір жолы», Ахат Шәкәрімұлының, Назбек Алдажаровтың музей қорындағы құнды қолжазбалары мен естеліктері көрме залына алғашқы рет ұсынылып, қойылып отыр.

Абайдың мұрасын жинақтап, мұражай жасақтауда Әрқам Кәкітайұлының еңбегі ерен. Бүгінгі айтулы күнде Әрқам Кәкітайұлының ұрпақтары көрмедегі құнды жәдігерлермен танысып, баба рухына тағзым етті.

Ырымбек Нұрғалыұлы, Әрқам Кәкітайұлының жиені:

- Әрқам ата музейдің алғашқы құрушылардың, ұйымдастырушылардың бірі. Қайым Мұхамедханов ағамыз ол кісіні жан-жаққа, туысқандары бәрін таниды, соларға жібереді. Ол кісі сол жан-жақтан жүріп, елден, елдің қолында қалған Абай атамыздың нәрселері болса, солардың бәрін жинақтап, осы мұражайға тапсырған.

Абай бейнесі бейнелеу өнерінде де сан қырынан көрініс тапқан. Музей қорындағы «Абай әлемі бейнелеу өнерінде» атты көрмеде белгілі суретшілердің ұлы ақынға арналған туындылары топтастырылды. Ал абайтану ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалым Қайым Мұхамедханұлының 110 жылдығына орай «Абайтанудың асқан білгірі» көрмесі жаңартылып, жаңа жәдігерлермен толықтырылды. Мұнда ғалымның ғылыми еңбектері, қолжазбалары, фотосуреттері мен жеке мұрағатынан алынған құжаттар қойылған.

Ұлан Сағадиев, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» Мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының директоры:

- Абай музейіне қарасты 10 бөлімнің барлығы да бүгінгі күні Жидебайда болсын, Бөріліде болсын, Шәкір Әбенов музейінде, Кәмен Оразалин, Мақаншыдағы Әсет Найманбаев музейінде болсын, барлығы да Абай мұрасына байланысты тағылымды іс-шаралар әрбір жерде өткізілуде. Оның барлығы да келер ұрпаққа, музей көрушілерге, келушілерге Абай мұрасын тереңірек білуіне үлкен бір үлес болады деген ойдамыз.

Абай күні аясында облыс орталығында Қазақстан Республикасының Ұлттық рәміздер алаңы ашылды. Сондай-ақ Абай әндерінен фестиваль өткізіледі. Бұған қоса мемлекеттік қызметшілер арасында квест ойыны ұйымдастырылмақ.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Ботагөз Дандыбаева, Мәди Базарбеков, Жандос Рахметуллин