Stadler жолаушылар пойызы пайдалануға берілді
Бүгіннен бастап Қазақстанда жасалған Stadler жолаушылар пойызы пайдалануға берілді. Соңғы үлгіде жабдықталған вагондарды іске қосу Мемлекет басшысының жолаушылар жылжымалы құрамын жаңарту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда. Су жаңа пойыздың қандай ерекшеліктері бар? Ал билет құны қанша теңге тұрады? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.
Бүгін көптен күткен Stadler жолаушылар пойызы алғашқы сапарға аттанды. Сағатына 160 км жылдамдықпен жүйіткітін рельсті көлік әзірге Алматы мен Семейге ғана қатынайды.
Шерхан Абзалұлы, тілші:
– Stadler компаниясы шығарған су жаңа вагондарда тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейтін Wifi қарастырылған. Ал купеге жайғасқан әр жолаушы мұндағы температураны өзі өзгерте алады. Сондай-ақ бір түймені басу арқылы жолсерікті шақыруға және онлайн отырып тамаққа тапсырыс беруге болады.
Швейцариялық технологиямен шығарылған вагондарды стандартты үлгідегі вагондармен салыстырғанда ұзындығы да, енді де үлкен. Мұны су жаңа пойызға мінген алғашқы жолаушылары да байқады. Купе 40, плацкарт 58 адамға шақталған. Қауіпсіздік үшін бейнебақылау бар.
Жәнібек Тайжанов, ҚР Көлік вице-министрі:
– Жоба 2021 жылы бастау алды. Мемлекет басшысының Швейцарияға сапары барысында стратегиялық келісімге қол қойылды. 2022 жылы тиісті келісімшарт жасалып, 2023 жылы Stadler компаниясы Астананың индустриялық аймағында орналасқан зауытты жаңғырту жұмыстарын қолға алды. Бүгінде компания зауытты дамытуға шамамен 29 млрд теңге инвестиция салды. 2023 жылдан бері кәсіпорындағы жұмыс орындарының саны 700-ге дейін артты. Зауыттың жалпы аумағы шамамен 31 мың шаршы метрді құрайды.
Заманауи үлгідегі вагондардың игілігін өзге өңірлердің тұрғындары да көретін күн алыс емес. Жыл соңына дейін Атырау, ал келер жылы Шымкент бағыттары ашылмақ.
Авторлары: Шерхан Абзалұлы, Досбол Бәйділдин