Әлеуметтік қолдаудың жаңа тетігі

Енді мүгедектігі бар адамдар арбасы істен шықса да жаяу қалмайды. Бұл мүмкіндік Павлодар облысында жүзеге асып жатқан әлеуметтік жоба аясында қарастырылған. Пилоттық жобаның мақсаты – өздігінен жүріп-тұра алмайтын азаматтарды қажетті жабдықтармен тұрақты түрде қамтамасыз ету.

Арбасы жөндеуде болған немесе қайта куәландырудан өтіп жатқан кезде азаматтарға уақытша құрал беріледі.

Александр Чебатов жаңа жобаның игілігін көруге бекінгендердің бірі. Ол 4 жыл бұрын биіктен құлап, жарақат алған. Содан бері арбамен ғана қозғалуға мәжбүр. Ал арнайы техникалық құралдар бес жылда бір-ақ рет ауыстырылады.

Александр Чебатов, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Жоба туралы әлеуметтік желілерден білдім. Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдарды тасымалдаумен айналысатын бір кісі кеңес беріп, байланыс нөмірін ұсынды. Арбам сынып, табандары зақымдалған еді. Сол кісі берген нөмір арқылы хабарласып едім, осында  шақырды. Қазір комиссияның шешімін күтіп отырмыз.

Комиссия көп күттірмей, істен шыққан арбаны тексеріп, жаңасын табыстады. Жөндеу жұмыстары аяқталғанша, Александр уақытша берілген арбаны пайдаланады. Бүгінде комиссия шешімімен техникалық құралдарын жаңартып жатқан азаматтар саны артып келеді. Істен шыққан арбаларды жөндеумен айналысып жүрген Ерлан Құрманғазиннің өзі де жиырма жылдан бері арбада отыр.

Ерлан Құрманғазин, шебер:

- Осы жоба жаңа басталып жатыр. Бастамасы жақсы, болашақта бұл мүгедектігі бар адамдарға керек. Коляскаларын жөндеу керек, сондықтан осы жобаға егер де коляскалары жарамсыз болса, коляскаларында ақау болса, мында ұсынуға болады келіп, біз қараймыз көреміз. Егер де коляскасы жарамыз болса, пилоттық жоба бойынша жалдамалы коляска береміз. 

Пилоттық жоба шілде айында басталды. Техникалық құралға мұқтаж жандар  SMS хабарлама арқылы немесе оңалту орталығына  хабарласып, өтініш бере алады.

Роза Қадырбекова, Тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарды оңалту орталығы директорының м.а

- Қазіргі таңда бізге жүгінген 21 мүмкіндігі шектеулі азаматқа, оның ішінде ересектер мен балаларға және олардың заңды өкілдеріне кеңес берілді. Алты азаматқа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соның біріне жөндеу кезеңінде пайдалануға уақытша басқа мүгедектік арбасы берілді.

Уақытша берілген құралдар кейін мекемеге қайтарылып, өзге азаматтарға ұсынылады. Осылайша бір құралды бірнеше адам пайдалана алады. Ал жоба азаматтардың қозғалысын шектемей, қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беруді көздейді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков