Жетісудағы 11 колледж құралмен жабдықталады

Биыл Жетісу облысында 11 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, жаңа мамандықтар ашылады.

Студенттерге кәсіптік салалармен қатар жасанды интеллектімен жұмыс істеу үйретіледі. Білім беру ісін жетілдіру үшін аймақтағы оқу орындарында былтыр да жаңа мамандықтар ашылды.  

Индустриалды колледж студенті Дмитрий Подцуков компьютермен сызба жасауды үйреніп жатыр. Темір жонатын техниканың тілін меңгеру арқылы әртүрлі бұйым жасайды.

Дмитрий Подцуков, студент:

- Фрезерлеуші деген программист мамандығына ұқсайды. Бұрын қолмен жұмыс істейтін ауыр кәсіп болатын. Қазір біз код жазу арқылы күрделі детальдарды үйреніп жатырмыз. Бұл болашақтың технологиясы. Біз алып кәсіпорындарда орнатылған құрылғыда жұмыс істейміз. 

Былтыр ашылған мамандықта 15 студент білім алады. Оларға техниканың қыр-сырын Сиязбай Ерғалиұлы үйретеді. Өндіріс орнында жұмыс істеген шебер арнайы оқытудан өткен.

Сиязбай Ерғалиұлы, колледж оқытушысы: 

- Балалар мастер кам бағдарламасымен жұмыс істеуді үйреніп жатыр. Егер бұл осыны үйреніп алатын болса басқа да станоктарда қиналмай жұмыс жасай береді. Неге? Себебі қазіргі станоктардың барлығы бағдарламамен басқарылады. 

90 жылдық тарихы бар колледжде 500-ден астам студент 7 кәсіптік сала бойынша оқиды.

Қанатбек Дәуіталинов, колледж директорының орынбасары: 

- 2023 жылы бірінші болып скл Жетісу облысы бойынша автокран мамандығын аштық, 24 жылы газ құбырын пайдалану, қалпына келтіру мамандығын аштық. Өткен 25 жылы скл фрезерлік мамандық аштық. Талдықорған қаласында 28 кәсіпорынмен келісім шартымыз бар. Мемарандумға отырғанбыз. Олар біздің түлектерімізді жұмысқа орналастыру және оның сыртында дуальді оқыту және  кәсіптік тәжірбие өтуден қолдап қоштап отыр. 

Аймақта геодезист-картограф, сантехник, көлік жөндеу шебері, электромонтер және электр дәнекерлеуші мамандықтарына сұраныс өте жоғары. Өңірде орта білім беретін  27 колледж бар. Соның басым бөлігінің материалдық техникалық базасы ескірген.

Саят Батырбеков, білім басқармасының бөлім басшысы:

- 2025 жылы 488 млн теңге бөлініп, 11 колледжде 4 жаңа мамандық және 10 мамандықтың материалдық техникалық базасы нығайтылды. Сонымен қатар 11 колледжде 16 мамандықты нығайтуға 556 млн теңге бөлінді. Одан бөлек оқуға қолайлы жағдай жасау үшін 2025 жылы бір колледжге күрделі жөндеу, 5 колледжге ағымдағы жөндеу жүргізілді. Биыл 8 колледжге ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарлануда. 

Былтыр өңірдегі колледждерде  туризм, гидротехника, дрон  операторы сынды бірнеше мамандық ашылды. Биыл тағы төрт оқу орнында жаңа кәсіптік салалар оқытылып, сұранысқа ие мамандар дайындалады.  

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Жеңіс Әбдрешов