Бурабайдағы RIXOS қонақүйі отшашу ұйымдастырғаны үшін жауапқа тартылды

Фото: depositphotos.com

Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылдады, деп хабарлайды «24KZ».

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің (МҰТП) іргелес аумағында, атап айтқанда, RIXOS LAKE BOROVOE қонақүйінің аумағында пиротехникалық бұйымдар қолданылып, отшашу ұйымдастырылған.
Орманды алқапта атылған отшашу бейнеленген видео әлеуметтік желілерде тарап, көпшіліктің наразылығын туғызды.

Өрт шығу қаупі жоғары кезеңде желді ауа райына қарамастан пиротехникалық бұйымдарды (салюттерді) қолдануға рұқсат бергені үшін RIXOS LAKE BOROVOE қонақүйінің иесі, сондай-ақ пиротехникалық бұйымдарды іске қосқан ұйым Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті өрт қаупі жоғары кезеңде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Өрт шығу қаупін тудыруы мүмкін жерлерде ашық от пен пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға жол бермеу қажет.

 «24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз