Павлодарда көлігіне жалған нөмір таққан жүргізуші қамауға алынды

Фото: polisia.kz

Павлодар қаласында полиция қызметкерлері көлік құралына көрінеу жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін тағып, басқарған жүргізушіні анықтады, - деп хабарлайды 24KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Құқық бұзушылық "Ертіс" бақылау-өткізу пункті маңында тіркелген. Тексеру барысында Nissan автокөлігіне орнатылған мемлекеттік нөмірдің бұған дейін есептен шығарылғаны анықталды.

Көлік құралы арнайы тұраққа қойылды.

Жүргізушіге қатысты қажетті материалдар жинақталып, сотқа жолданды. Сот шешімімен ол көлік құралдарын басқару құқығынан бір жыл мерзімге айырылып, бір тәулікке әкімшілік қамауға алынды, — деді Павлодар облысы ПД патрульдік полиция ротасының командирі Әсет Рыспаев. 

Полиция жүргізушілерге мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін заң талаптарына сәйкес пайдаланудың маңызын еске салады. Көлік құралына тек ресми түрде тіркелген мемлекеттік нөмірді орнату қажет.