Мемлекет басшысы Халықаралық жастар күнімен құттықтады
Астанада Халықаралық жастар күніне арналған ауқымды шара өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен таңдап алынған 3 мыңға жуық белсенді жас бас қалада басқосты.
Қатарында өнерде өрелі, спортта сайыпқыран атанған сан саланың үздіктері бар. Мерекенің басты кейіпкерлерін Мемлекет басшысы арнайы құттықтады. Президенттің құттықтау сөзін ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді. Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың қоғамды алға бастайтын қозғаушы күш әрі жасампаз идеялардың қайнар көзі екенін атап өткен. Ел жастары халықаралық деңгейдегі білім және ғылым байқауларында, спорт сайыстарында топ жарып, Көк Туымызды биікте желбіретіп жүр. Тиісінше, оларға да жан-жақты көмек көрсетіліп келеді. Ата Заңымызда адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны дамыту стратегиялық бағыт ретінде айқындалды. «Сонымен қатар бас құжатта алғаш рет волонтерлік қызметке мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіні нақты жазылды. Осылайша, біз қоғамда өркениетті ұлтқа тән жаңа этиканы орнықтырып, «Таза Қазақстан», «Адал азамат» қағидаттарын ұлт санасына сіңіре бастадық», - деді Президент құттықтау хатында. Біздің ендігі мақсатымыз – экономикасы қуатты, Заң мен тәртіп үстемдік ететін, Әділетті, Озық, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жастарды қолдау саясаты мемлекетіміз үшін әрдайым негізгі басымдық болып қала береді. Қазіргі таңда республикамыздың әр аймағында көптеген мектептер, спорт нысандары, даму орталықтары салынып жатыр. Ауқымды жобалар қолға алынып, дарынды жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Қазақстан беделі жоғары мемлекет ретінде дамудың даңғыл жолына түсіп, тарихи өрлеу кезеңіне қадам басты. Еліміз жаппай цифрландыру ісін қарқынды жүргізіп, жасанды интеллект технологияларын барлық салаға белсенді енгізіп жатыр. Қастерлі Отанымыздың болашағы – Сіздердің қолдарыңызда! Қазір елімізде барлық салада түбегейлі реформалар жасалып жатыр. Халқымыз жалпыұлттық референдумда бірауыздан қабылдаған жаңа Конституция еліміздегі ауқымды өзгерістерге тың серпін берді, Қазақстанның одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашты. Жаңашылдыққа ұмтылған, игі бастамалардың бел ортасында жүрген жалында жастар кез-келген белесті бағындыра алады. Мен бұған кәміл сенемін! Баршаңызға табыс тілеймін! Жолдарыңыз ашық болсын! Қастерлі Отанымыз – Қазақстан көркейе берсін!