Қамбаштың туристік әлеуеті артады

Арал өңіріндегі бірегей табиғи нысандар халықаралық туристік картаға енуі мүмкін. Аймақта ішкі әрі сыртқы туризмді дамыту мақсатында «Арал геопаркі» жобасы қолға алынып жатыр.

Тізімге атақты Қамбаш көлі де кірген. Жоба жүзеге асса, өңірге инвесторлар тартылып, экотуризм жаңа деңгейге көтерілмек. Мамандардың жоспары қандай? 

Құм қойнауындағы гауһардай жарқыраған Қамбаш көлінің жағасында демалушылар қатары жыл санап артып келеді. Тұзды әрі тулаған мөлдір суымен танымал айдынға отандық туристер ғана емес, шетелдік меймандар да жиі ат басын бұрады. Халықаралық «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолының бойында орналасқан жағажай, әсіресе алыс-жақын шетелден келген саяхатшылардың сүйікті орнына айналған.

Алия Саидгареева, турист:

- Бүгін Қазақстанға достарымызбен келдік. Қамбаш көлі ұнап жатыр. Суы жып-жылы, тап-таза. Бізге ұнады.

Ресми мәліметке сүйенсек, Қамбаш жағажайында жыл сайын 150 мыңнан астам адам демалады. Демалушыларға жүзден астам жергілікті тұрғын қызмет көрсетеді. Соңғы жылдары мұндағы инфрақұрылым да айтарлықтай жаңарған.

Алтынбек Болатұлы, Арал ауданының тұрғыны:

- Жағажайда таза. Су келгеннен кейін бәрі жаңарып жатыр ғой. Су да жаңарды. Су келіп тұрған соң бұрынғыдай жаға да шашылмайды. Ескі форматта салынған үйлерді жаңа форматта ауыстырып жатыр, заманауи. Демалушыларға қазір жағада арнайы киім ауыстыру бөлмесі салынып жатыр. Бұрынғыдай қайықтарға пирс салынып жатыр.

«Арал геопаркі» жобасы аясында Арал ауданындағы табиғи әрі тарихи маңызы бар нысандар біртұтас туристік бағытқа айналады. Ал басты мақсат - өңірдің туристік әлеуетін ЮНЕСКО деңгейінде таныту.

Аманжол Оңғарбаев, Арал ауданының әкімі:

- Арал геопаркін Орталық Азиядағы тұңғыш геопарк жасағалы тұр. Соны ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізіп, сол арқылы үлкен жұмыстар жүргізсек деген ойымыз бар. Болашақта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шағын авиацияны дамыту мақсатында бас жобаға Арал ауданына бір әуежай түскен жағдайда Қамбаш көліне әуежай саламыз деген де ойымыз бар. Егер олардың бәрі жүзеге асып жатса, ол халықаралық туризмге алысты жақындататын жақсы шаралар болады деп есептейміз.

Жоба толық жүзеге асса, саяхатшылар үшін геологиялық және этнографиялық турлар ұйымдастырылады. Туристер Ақеспе жерасты суы, Қамбаш көлі және «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы сияқты сирек кездесетін бірегей мекендерді өз көзімен көре алады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин