Жаһандық туризмге цифрлық есеп қажет
Соғыс, экономикалық тұрақсыздық пен климаттың өзгеруі әлемдік туризмге айтарлықтай қиындық туғызып отыр.
Брюссельдегі Жаһандық туризм форумында саланы тұрақты дамыту және жаңа инвестиция тарту жолдарын талқылады. Басты мәселелердің қатарында білікті маман тапшылығы, визалық кедергілер және түрлі дағдарыстар кезінде саяхатшыларға көмек көрсететін бірыңғай жүйенің жоқтығы бар. Мұны шешу үшін форум қатысушылары туризм саласында жаһандық келісім жасауды ұсынды. Мамандардың айтуынша, туризм табыс әкеліп, жұмыс орындарын ашып қана қоймай, ел мен елді, мәдениеттерді жақындастырады.
Қайрат Сәдуақасов, туризм саласының өкілі, кәсіпкер:
- Біз табиғатқа шамадан тыс салмақ түсуіне жол бермеуіміз керек. Мемлекет басшысы да «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында осы мәселеге ерекше назар аударып отыр. Жалпы туризм тек табыс әкеліп қана қоймай, табиғатымыз бен экологиямызға зиян келтірмеуі керек.
Қоршаған ортаны қорғау мақсатында сарапшылар туристерді цифрлық жүйе арқылы есепке алуды ұсынып отыр. Бұл саяхатшы санын бақылап, адам көп шоғырланатын орындардағы ағынды реттеуге мүмкіндік береді. Форумның екінші күні жеке деректерді қорғау, шекарадан өту рәсімдерін жеңілдету және жолаушылар қауіпсіздігі мәселелері талқыланды. Қатысушылар туризмнің өңірлер экономикасын дамытудағы маңызын да атап өтті.
Патрик Бонтинк, VISIT.BRUSSELS ұйымының бас директоры:
- Туризмнің әлемдік экономикадағы үлесі 10 пайыздан асады. Бұл сала көптеген жұмыс орнын ашып, жергілікті экономиканың дамуына ықпал етіп жүр. Сондықтан бізге биліктің қолдауы қажет. Сонда ғана барлық өңір туристік әлеуетін арттырып, одан әрі дами береді.