«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздары марапатталды
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздарын марапаттап, Мемлекет басшысының жастарға арналған құттықтауын оқыды.
Үздік деп танылған 30 жобаның авторы 3 миллион теңге көлеміндегі грантқа ие болып, өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Сертификаттар елордадағы Халықаралық жастар күніне арналған салтанатты шара барысында табысталды.
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева шараға қатысушылар алдында Президент құттықтауын жеткізді. Мемлекет басшысы өз құттықтауында жастарды қолдау саясаты мемлекетіміз үшін әрдайым негізгі басымдық болып қала беретініне және ауқымды жобалар қолға алынып, дарынды жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанына тоқталған. «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты соның айқын көрінісі. Сондай-ақ өз кезегінде Үкімет басшысының орынбасары бүгінде еліміздің жаңа даму кезеңінде жастарға үлкен сенім артылып отыр. Себебі білімге ұмтылатын, жаңа идеядан қорықпайтын, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын жас ұрпақ – мемлекеттің ең маңызды капиталы, - деді.
Бекзат Нұртай, мұғалім:
- Бүгінгі Халықаралық жастар күніне Шымкент қаласының атынан көк туды желбіретіп келіп отырған жайымыз бар. Фестивальдің басында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтауын естіп, жастарға деген жігерлендіруін естіп, ел үшін жер үшін қызмет теуге арнайы біздің мотивациямыздың жігерленуіміздің одан әрі артып жатқаны сөзсіз.
Биыл «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына 2200-ден астам өтінім түсіп, 1745-і іріктеуден өтті. Атап айтқанда, «Бизнес» бағыты бойынша – 663, «Ақпараттық технологиялар» бойынша – 383, «Ғылым» бойынша – 218, «Мәдениет» бойынша – 174, «Медиа» бойынша – 158 және «Волонтерлік» бағыты бойынша 149 өтінім қабылданды. «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты талантты жастарды қолдау мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен 2021 жылы тағайындалған. Сол уақыттан бері 153 жас қазақстандық грант иегері атанды.
Асылнұр Ендібай, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері:
- Мен өзім ғылым саласы бойынша грант иегері болып табыламын. Болашақта Қазақ еліне деген өзімнің көмегімді тигіземін деген ойдамын. Жастарға мотивация, қолдау берулеріңіз үшін рахмет алғысым шексіз.
Арлан Қанат, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері:
- Өз жобамызды сипаттап, өтінім бердік. Біздің компания софт, веб-сайттар секілді түрлі Tech-проектілермен айналысады. Жасанды интеллектіні қолданамыз. Грант қаражатын өз жобамызды одан әрі дамытуға бағыттаймыз.
Кейінгі бес жылда елімізде 1,5 миллионға жуық жас жұмыспен қамтылды. 192 мың жас кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, 23 мыңға жуық азамат өз кәсібін ашу үшін мемлекеттік грант алған. «Наурыз», «Отау» және өңірлік ипотекалық бағдарламалар аясында 13 мыңға жуық жас баспаналы болуға мүмкіндік алды.
Авторы: Рухани Әбдірахман