Үкіметте «ДӨО алқабы» жобасы талқыланды

Павлодар облысында салынып жатқан «Деректерді өңдеу орталықтары алқабының» құрылыс қарқыны жоғары. Бірінші нысан келер жылдың маусым айында қолданысқа берілмек.

Бүгін Үкімет басшысы Олжас Бектенов осы жобаға қатысты жиын өткізіп, оның жүзеге асу жайын талқыға салды. Қазір алқаптың энергия орталықтары мен жасанды интеллект фабрикаларына арналған қазаншұңқырларды әзірлеу жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Оның жалпы энергетикалық қуаты кезең-кезеңімен 1 гигаватқа дейін ұлғайтылмақ. Жоба Қазақстанның есептеу қуатын арттырып, отандық Жасанды интеллект шешімдерін дамытуға және инвестициялар тартуға мүмкіндік береді. 

Премьер-министр құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, шетелдік технологиялық компаниялармен ынтымақтастықты кеңейтуді тапсырды.

Бағдат Мусин, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы: 

- Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауқымды Дата центр деген үлкен жоба іске асып жатыр. Екібастұз қаласында 50 мегаваттық Цодты құрастыруды бастадық. Желтоқсан айына дейін негізгі ғимараттар салынады. Келесі жылдың басынан құрал-жабдықтарды орнату басталады. Параллельді түрде 136 мегаваттық құрастыруды бастаудамыз.