Маңғыстауда балық шаруашылығы қайта жанданды

Түпқараған ауданында балық шаруашылығы қайта жанданды. Маңғыстау облысындағы жері Каспий теңізімен шектескен аудан тұрғындары кәсіби түрде балық аулаумен айналысады.

Соңғы жылдары елді мекенде бекіре тұқымдас балық өсіріп әрі терең өңдейтін кәсіпорындар ашылған. Үй жағдайында балық шаруашылығын қолға алып, күнделікті табыс көзіне айналдырған тұрғын саны да жылдан жылға көбейіп келеді. 

Бекіре тұқымдас балық өсіретін кәсіпорынның бірі Ақшұқыр ауылында. Зауыт жылына 30 тонна балық өндіріп, ішкі нарыққа шығарып отыр. Қызметі толық автоматтандырылған өндіріс орнында 13 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған. Өткен үш айда бекіре балықтардан 50 келі қара уылдырық алынған. Кәсіпорын мамандары мемлекеттік қолдаудың арқасында өндіріс көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтуға кіріскен.

Бекболат Ғарифуллаев, балық зауытының маманы:

- Мемлекеттен бізге беріп жатқан көмектер өте көп. Оның арасында жемге, сосын балық алуға, өсіруші аналықтарды алуға қаржы бөледі. Үкіметпен бірге жұмыс жасап жатырмыз, қазір құжаттарымыз дайын. Сол ақшалардың барлығын алған кезде мында инкубациялық цех жасағымыз келеді.

Ал Асқар Қуандықов бұрын жылқы бағылған қора ішіне өз күшімен су қоймасын тұрғызған. Бетоннан төрт бассейн салып, су жүйесін тартқан соң 30 мың албырт шабағын өсіруді бастапты. Бір жылдың ішінде 1,5 тонна өнім алған кәсіпкер енді шаруашылығын кеңейтпекші. Жалпы Түпқараған ауданында 500-дей тұрғын балық аулаумен кәсіби түрде айналысады. 

Асқар Қуандықов, ауыл тұрғыны:

- Үй жағдайында бәрі де болады. Ең бастысы, адам ерінбеу керек. Уылдырықтан шабақ шығардым. Сол малюкті көріп отырсыз ғой, бір бассейнде, сол ең бірінші шығарған балықтарымның бірі осылар. Осы жақында кеше «форель» деген балық салдым. Ол да жақсы. Өсуі де, бәрі де жақсы.

Саламат Елжанов, Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары:

- Жеріміз осы балық шаруашылығына қолайлы және біздің азаматтарымыздың ата кәсібі – балық шаруашылығы. Осы бағытта біз мемлекеттік гранттар, қайтарымсыз, төмен пайызды гранттарды беру бойынша қазір іс-шараларымыз, нақты жоспарымыз бар. Кәсібін енді бастаймыз дейтін азаматтарға толыққанды мүмкіндік бар және ауданда осы балық шаруашылығымен айналысуға толыққанды инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.

Қазір ауданда балық шаруашылығы бағытында бірнеше инвестжоба жүзеге асуда. Ақшұқыр, Қызылөзен және Форт-Шевченкода бекіре тұқымдас балық өсіретін зауыттарды іске қосу барысында екі жүздей жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев