Сауалнама: жас буын отбасын құруға жауапкершілікпен қарайды

Қазақстандағы жастардың басым бөлігі отбасы құруға ниетті. Бірақ үйленіп, ата-ана болу үшін алдымен қаржылық тұрғыдан аяққа тұрып алуды қалайды. БҰҰ-ның жаһандық зерттеуінде осындай нәтиже тіркелген. 

Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 72 пайыздан астамы некеге тұруды жоспарлайтынын айтқан. Олар үшін тұрақты табыс, баспана және отбасылық өмірге психологиялық тұрғыдан дайын болу маңызды. Бұл дерек жастардың отбасылық құндылықтардан алыстап бара жатқаны туралы пікірді жоққа шығарады. Керісінше, жас буын отбасы құруға жауапкершілікпен қарайтынын дәлелдейді.

«Өмір, таңдау және болашақ» атты зерттеуге әлемнің 73 елінен 108 мыңнан астам жас қатысқан. Қазақстаннан 836 респондент сауалнамаға жауап берген. Зерттеу қорытындылары Астанада талқыланды. Іс-шараны қазақстандық қоғамдық даму институты, Қазақстан Республикасының Отбасылық, гендерлік және демографиялық саясат саласындағы зерттеу ұйымдарының консорциумы БҰҰ халықтың қоныстануы саласындағы Қазақстандағы қорымен (ЮНФПА) бірлесіп, Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырады.