«Ауыл аманаты» бағдарламасы: Қызылорда облысында 500-ден астам жоба жүзеге асты
Өңір жұртының жартысына жуығы ауылда тұратын Қызылорда үшін бұл бағдарламаның маңызы ерек. Ауылдағы ағайын кәсіп ашып, табысқа кенеліп жатыр.
Қазалы ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында аумағы 1200 шаршы метр болатын 9 жылыжай жұмыс істеп тұр. Солардың бірін Мейрамбек Кеулімжаев басқарады. 9 миллион теңге несие алған кәсіпкер жергілікті нарықты сапалы қиярмен қамтып отыр.
Мейрамбек Кеулімжаев, Әйтеке би кентінің тұрғыны:
- «Ауыл аманаты» бағдарламасының пайызы өте 2,5%. Бұл өте аз пайыз әрі тиімді екен. Қиярдың жалпы мен «Северин F1» деген түрін, жақсы түрін ектім. Өте тиімді екен біздің ауа райымызға шыдамды және халықтың сұранысы да өте жоғары екен.
Ал Бидайкөл ауылының тұрғыны Таңатар Бегманов құс шаруашылығын өркендетіп отыр. Қазір оның қорасында 400 бас қаз бар. Айтуынша, құс етіне деген сұраныс күн санап артып келе жатыр.
Таңатар Бегманов, Бидайкөл ауылының тұрғыны:
- Оларға деген сұраныс артып жатыр қазіргі таңда. Ауданымызда, облыста, басқа үлкен қалаларға да сұраныс болып жатыр. Алдағы уақытта санын, басын көбейтеміз деген жоспарымыз бар.
Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарлама аясында 5 жарым млрд теңге бөлініп, 815 жобаны жүзеге асыру межеленген еді. Қазір соның 550-і жүзеге асты.
Талғат Дүйсебаев, Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
- Айта кету керек, оның ішінде 13 пайызы өңдеу саласына, 5 пайызы егіншілік саласына, 38 пайызы мал шаруашылығына, 3 пайызы техникаға бөлінсе, 22 пайызы ауыл шаруашылығына байланысты емес түрлі салаларға бағытталған.
Жалпы алдағы үш жылда бағдарлама шеңберінде облысқа 21 миллиардтан астам теңге бөлінбек. «Бұл қаражат ауылдарда мыңнан астам жаңа бастаманың ашылуына серпін береді», - дейді мамандар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин